Абылай Мырзахметовке қатысты сот отырысы басталды
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасына екі бап бойынша айып тағылып отыр.
Елорда сотында "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының (ҰКП) бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовке қатысты алдын ала тыңдау басталды. Оған қылмыстық кодекстің 28-бабы 4-бөлігі – 367-бабы 4-бөлігі (пара беруге көндіру), 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша айып тағылып отыр, деп хабарлайды sadaqmedia.kz
Істі қарап жатқан судья Құлбаева сот барысында фото-видео түсіруге тыйым салып, мемлекеттік айыптаушы қылмыстық істі жабық режимде өткізуді сұрады.
Мырзахметовке қатысты қылмыстық іс бойынша қала прокуратурасынан куәгерлердің бірінен оның өмірі мен отбасы мүшелерінің өміріне алаңдаушылық білдіруіне байланысты сот талқылауын жабық режимде өткізу туралы өтінішхат түсті, - деді прокурор.
Тараптар прокурордың өтінішхатына қарсылық білдірмеді. Шешімді сот қабылдайды.
Айта кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Абылай Мырзахметовті 2023 жылдың 11 мамырында ұстады. Ол алаяқтық пен кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деген күдікке ілінген болатын.
Содан кейін 2018-2019 жылдар аралығында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған Нұржан Әлтаев делдал арқылы Абылай Мырзахметовтен пара ретінде жалпы сомасы 50 млн теңгеден астам қаражат алды деп айыпталды. Ол сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сіздің реакцияңыз қандай?