Биыл елімізде бес мемлекеттің қатысуымен ірі әскери жаттығу өтеді
Бауырлас халықтар мен қарулы күштер арасындағы достық қарым-қатынасты сақтау біз үшін өте маңызды
Биыл елімізде Әзербайжан мен Орталық Азия елдері: Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның қатысуымен жауынгерлік дайындық шаралары аясында ауқымды әскери оқу-жаттығулар өтеді. Бұл туралы Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың басшылығымен өткен 2024 оқу жылында ҚР Қарулы күштерін даярлау мен дамытудың негізгі шаралары бойынша өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды sadaqmedia.kz
Министр негізгі күш жауынгерлік даярлықтың сапасына және әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға бағытталатынын атап өтті. Қорғаныс ведомствосының басшысы жеке құрамның мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығы осы факторларға байланысты екенін айтты.
«Биыл ел аумағында бес мемлекеттің қатысуымен ауқымды оқу-жаттығулар өтеді. Ол жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек. Жауапкершілік аймағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін орындау мақсатында бауырлас халықтар мен қарулы күштер арасындағы достық қарым-қатынасты сақтау біз үшін өте маңызды», – деді Қазақстан Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.
2024 жылға 160-тан аса жедел және 70 мыңнан астам жауынгерлік даярлық жөніндегі іс-шаралар жоспарланған.
Олардың ішіндегі ең маңыздысы Әскери-теңіз күштерінің, Әскери-әуе күштерінің, «Батыс» өңірлік қолбасшылығындағы арнайы операциялар күштерінің, одан өзге Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әскери контингенттерінің қатысуымен өтетін «Бірлестік» оқу-жаттығуы.
Сіздің реакцияңыз қандай?