«Кезінде бандит, ұры болғандар сақал өсіріп уағыз айтып жүр» - Мұхтар Тайжан
Шалбар мен сақалыңның ұзындығы, сенің намазың, сенің зяқатың, сенің мешіт салғаның, сенің Меккеге барып қайтқаның - ол сенің жеке шаруаң.
Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан өзінің Фейсбук парақшасында соңғы кезде уағыз айтатын "молдалардың" қаптап кеткенін айтып, олардың әрекеттерін "араптандыруға" апаратын науқан деп бағалады, деп жазады Ulysmedia.kz.
Ол тоқсаныншы жылдары ұры, коррупционер, бандит болғандар қазір тақияны қиіп алып, сақалды өсіріп алып, тиктокта, ютубта жастарға ақыл айтып отырғанын алға тартты.
"Өзің білме, білгеннің тілін алма" деген жаман қарғыс сөз бар қазақта. Қарасам, өздері қараңғы, жоғары білімдері жоқ, кітап оқымаған "білгіштер" мен уағызшы "молдалар" қаптап кетіпті. "Шалбар киме - ол голубойлардың киімі екен", "көкпар деген - ол сақабалардың, яғни араптардың ойыны екен", "мұсылмандарда ұлты мен руы жоқ", "домбыра - харам" - деп сандырақ әңгімені көп айта бастады. Бұндай әңгімелер иманға еш қатысы жоқ деп санаймын. Бұл қазақты ұлтсыздандыруға, тіпті араптандыруға апаратын науқан”, – деді Мұхтар Тайжан.
“Құл болсын деп жаратқан жоқ...”
Саясаткер ғасырлар бойы құлдар патшаларға, байларға өте керек болғанын, сол үшін қарапайым халықты дінмен қорқытып құлдықта ұстағанын айтты.
“Ата-бабаларымыз имандарын жүректерінде сақтап қазақ болып қалды ғой! Ұлт деген не? Ол тіл, дәстүр, діл, жыр. Бәрімізді Жаратқан жаратқаны рас, бірақ бәрімізді құл болсын жаратқан жоқ шығар? Біз өз туған балаларымызды бізге құл болсын деп туып өсірмейміз ғой? Ұрпағымыз басқа дүниеде емес, осы дүниеде бақытты болсын деп өсіреміз. Сол секілді мейірімді я кешірімді Жаратқанымыз бізге құлдықты емес, бақытты өмірді тілеп отыр деп сенем. Ең қуатты Жаратқанға құлдар не керек?” – деді ол.
Нағыз иман деген не
М.Тайжан Меккеге бару, өзге де діни амалдарды жасау әркімнің өз шаруасы екенін алға тартты.
“Шалбар мен сақалыңның ұзындығы, сенің намазың, сенің зяқатың, сенің мешіт салғаның, сенің Меккеге барып қайтқаның - ол сенің жеке шаруаң. Бұндай тірліктерді таза адамдар да, ұрылар да жасай береді.
Жаратқанға бізден не керек? Не үшін бізді жаратты, қандай мақсатымен? Біздің таза ниетіміз, біздің таза арымыз, ұрлыққа былғанбаған қолымыз керек. Нағыз иман деген осы деп білем! – деді Мұхтар Тайжан.
Сіздің реакцияңыз қандай?