Ақтөбеде мектеп олимпиадасына бара жатқан оқушылар жол апатынан қаза тапты
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Қызылжар ауылының маңында жол апаты болып, екі оқушы мен мұғалім қаза тапты, деп хабарлайды sadaqmedia ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.
Оқиға бүгін, сағат 08:45–те «Самара-Шымкент» тас жолында болған. Дереккөзге сүйенсек, жол апатының салдарынан үш адам қаза тапқан. Оның екеуі 16 жастағы оқушы болса, біреуі – ұстаз.
«Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Оқушылар мен ұстаз республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне қатысуға бара жатқан», - деп хабарлаған журналистерге Ақтөбе облыстық Білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті әлеуметтік желіде осы оқиғаға қатысты жазба қалдырып, Ақтөбе облысында жол апатынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, жол-көлік оқиғасының мән-жайы анықталуда. Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қолдау, оқушыларға тиісті психологиялық көмек көрсетіледі», - деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Сіздің реакцияңыз қандай?