Кәсіпкерлер Әнипа Назарбаева барахолкадағы бір орынды 10 мың долларға сатқанын айтады – Нартай Сәрсенғалиев

Желтоқсан 6, 2023 - 12:05
Кәсіпкерлер Әнипа Назарбаева барахолкадағы бір орынды 10 мың долларға сатқанын айтады – Нартай Сәрсенғалиев
Фото: Orda.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды sadaqmedia тілшісі.

Сәрсенғалиевтің айтуынша, Алматыдағы «Кенжехан» базарында сауда жасайтын қандастар оған хат жазып, осы уақытқа дейін құзырлы орындарға қанша арызданса да, «қаналған» қаржысын қайтара алмай келеміз деген шағымын жеткізген.

«Барахолкадағы саудагерлерден депутаттардың атына келген мына арызға сүйенсек, соңғы 10 жылға жуық уақытта «Кенжехан» базарының иесі Назарбаева Әнипа Әбішқызы болған делінеді. Оның жанындағы адамдар базардағы әр сауда орнын 10 мың АҚШ долларына сатқан. Алайда, сату-сатып алу жөніндегі келісімшартты жасамай, тек контейнердің паспортын берген. «Келісімшарт талап еткен жандарды «біз базарға мәңгі иелік етеміз, уайымдамаңдар» деп қайтарған. Саудагерлердің дерегінше, аталған базарда шамамен 1000 контейнер бар, әрі қарай есебін шығара беріңіздер», - дейді депутат.

Сәрсенғалиев қолында бар ақпаратқа сүйене отырып, 2022 жылдың 4 сәуірінде «Кенжехан» базарының 100 пайыз үлесі «Митра «консалтинг» ЖШС мен Розенберг Е.М. деген азаматқа өткенін хабарлады. Базар 640 миллион теңгеге сатылды деген дерек бар.

«Жаңадан келген базар қожайындары саудагерлерге «контейнерлеріңді 325 мың теңгеден сатып алыңдар» деп талап қойған. Сонда ел 1 орынға 2 рет ақша төлеген. Амалсыз ақшасын берген жандарға тағы да сату-сатып алу туралы құжат берілмеген, тек «келісім» қағазы тапсырылған. Айтпақшы, келісімді сол базардағы нотаруисте жасауға міндеттеген, ол үшін әр саудагер тағы 43 мың теңгеден төлеген. Ол ол ма, әр контейнердің иесінен айына 50 500 теңге ақы алынады деген және бір тәртіп шығыпты. Мұны шағымданған ел айтып отыр. Бұл сорақылық емес пе? «Төлемесе контейнерлерді мөрлеп, жауып тастайды» деп ашынады жұрт” - деді депутат.

Осылай депутаттарға хат жолдаған контейнер иелері негізгі үш талабын жария еткен.

Бірінші. Бір контейнерге 2 рет ақша төлеген кәсіпкерлер бұрынғы немесе бүгінгі базар иелерінің ақшаны қайтарып беруін талап еткен.

Екінші. Ай сайын қосымша қаржы жинау мен жұмыс орындарын мөрлеп жауып тастауға қатысты әрекеттердің заңдылығын тексеріп, шара қолдану.

Үшінші. «Кенжехан» базарын Алматыдағы Мемлекеттік кірістер департаменті тексерген, кәсіпкерлер сол тексерудің нәтижесін жария етуді талап етеді.

«Жыл басында Қазақстанда 722 базар тіркеліпті. Соның бәрінде заңдылық толық сақталып отыр деп айта алмаймыз. Себебі, ол жақтағы саудагерлерден де арыздар келеді. Осы депутаттық сауалды дайындау барысында Барахолкадағы «Рахат» және «Евразия» базарындағы саудагерлер де шағымдарын жеткізді. Сондықтан елдегі барлық базардағы заңдылықты тексеру керек деп есептеймін. Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз” - деді Сәрсенғалиев.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow