Экономист Олжас Құдайбергеновтің бұрынғы әйелі қудалау туралы мәлімдеді
Елге белгілі экономист, кезінде президенттің штаттан тыс кеңесшісі болған Олжас Құдайбергеновтің бұрынғы әйелі Мөлдір Қабылова экс-күйеуіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды sadaqmedia.
Мөлдір Құдайбергенова «Не Молчи» ұйымына видео жолдап, көмек сұраған. Оның айтуынша, заңды түрде ажырасып кеткен Олжас Құдайбергенов оның жақындарын қудалап жүр. Ал, ажырасуының себебі – ұзақ жылдарға созылған зорлық-зомбылық дейді әйел.
«Ол маған ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылық көрсетті, сондықтан 2022 жылдың басында мен онымен ажырасамын деген шешім қабылдадым. Ол өзінің таныстары мен билігін пайдалана отырып, менен өш алып жатыр. Менің әкем мен бауырымның үстінен өтірік арыз жазды. Әкем қазір уақытша қамау изоляторында, ал, бауырым үйқамақта», - дейді әйел.
Мөлдір Қабылованың сөзіне қарағанда, ол «Болашақ» бағдарламасы арқылы Британияда білім алған. Олжас Құдайбергенов оның «Болашақ» бағдарламасына кепілге қойған үйін де сатып жіберген көрінеді.
«Британияда оқып жүргенде ол біз (балалары мен Мөлдір қабылова - агенттік) тұрып жатқан үйдің келісімшартын ұзартпай, біз далада қалғамыз. Британияда жүргенде ол тіпті балаларды алып қашып кетпек болған. Оны әуежайда ұстап алған еді. Мен ақшасыз қалған соң Британияның әлеуметтік қызметі мен оқып жатқан университетімнің мамандары бізді басқа жерге көшірген», - дейді әйел.
Мөлдір Қабылова хабарлағандай, осы кезде қызының қиын жағдайда қалғанын естіген әкесі Олжас Құдайбергеновке телефон соғып, үйдің пәтерақысын төлеуді талап еткен екен.
«Сол әңгімені аудиожазбаға жазып алған Олжас Құдайбергенов «мені бопсалады» деп арыз жазған. Әкем қазір уақытша қамау изоляторында, жақында соты болады. Ал, інім кезінде бизнес ашу үшін Олжас Құдайбергеновтен қарыз алған. Інімді «алаяқтық жасады» деген айыппен үйқамаққа қамады. Енді соты болады. Бұл үндеуді жасаудағы себебім – сот әділетсіз шешім қабылдай ма деп қорқамын. Маған көмектесіңіздер», - деді әйел.
Sadaqmedia осы оқиғаға қатысты пікір алу үшін экономистің өзіне хабарласуға тырысты. Дегенмен, Олжас Құдайбергенов әзірге бұрынғы әйелінің мәлімдемесіне қатысты комментарий берген жоқ.
Біздің дереккөзге сенсек, Олжас Құдайбергеновтің бұрынғы балдызы мен қайын атасы оған қарыз. Оның арыз жазуына да сол түрткі болған.
Сіздің реакцияңыз қандай?