«10 пайызы ғана өтемақы талап ете алады»: Астанада бұршақ зақымдаған көлік иелері шығынды кімнен өндірерін білмей отыр
Астана бойынша бұршақтан зақымданып, жүруге жарамай қалған көліктердің саны 5 мыңнан асады.
Елордада жауған ірі бұршақ көліктердің терезесін шағып, өзін майыстырып жіберген. Зақымданған көліктің иелері келтірілген шығынды кім өтейтінінен бейхабар. Өйткені міндетті сақтандыру табиғи апат кезіндегі жағдайларды қарастырмайтыны белгілі болды, деп хабарлады 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасы.
Бұршақ бүлдірген су жаңа көліктің иесі Зарина Хамитованың айтуынша, темір тұлпарының терезесі шытынап, төбесі майысып кеткен. Келіншек көліктің жөндеу жұмыстарына 3 миллион теңге керегін айтады. Елорда тұрғыны көлігін табиғи апаттардан сақтандырғанымен өтемақы ала алмай жүр.
“Сақтандыру компаниясы төтенше жағдай министрлігі мен Қазгидромет кәсіпорнынан көлігім бұршақтың салдарынан бүлінгенін растайтын құжат сұратып жатыр. Құтқарушылар бұл төтенше жағдай емес, сондықтан ешқандай анықтама берілмейді деді. Синоптиктерден де мардымсыз жауап келді. Енді сақтандыру компаниясы бізге өтемақы төлегісі келмей отыр”, – дейді жергілікті тұрғын.
Астана бойынша ірі бұршақтан зақымданып, жүруге жарамай қалған көліктердің саны 5 мыңнан асады. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда ерікті сақтандыруы бар көлік иелері ғана өтемақы ала алатынын айтады. Яғни, көлігін қосымша сақтандырудан өткізген жүргізушілердің 10 пайызы ғана өтемақы талап ете алады. Оны алу үшін міндетті түрде Қазгидромет кәсіпорнынан бұршақ жауғанын растайтын анықтама құжат қажет.
“Негізі ерікті сақтандыру полисін жасау керек. Ол осындай апаттардан сақтандырады. Мысалы балалар самокат, великпен жырып кетсе де төленеді. Ұрлық, өрт. Мүлде көлікті ұрлап алып кетсе де сақтандыру полисі толық бағасы төлеп береді”, – дейді сақтандыру компаниясының директоры Қанат Бимақанов.
Көлікті бұршақтан қорғау үшін аяқ астындағы төсеніштерді алдыңғы терезеге жабу керек. Ала артқы терезеге багаждағы төсенішті жапқан дұрыс.
Сіздің реакцияңыз қандай?