Қаза тапқан кеншілер саны 40 адамға жетуі мүмкін – Ермұрат Бапи
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қарағанды шахтасында қаза тапқандардың саны 40 адамға жетуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды sadaqmedia.kz.
"Өкінішке қарай, кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей нұсқауымен Митталдың жеке меншігіне берілген "АрселорМиттал Темиртау" компаниясына қарасты Костенко шахтасында болған апаттан 200-ден астам кенші жер астында қалды деген хабар келді. Оқиға басында құтқару операциясымен айналысып жүрген жігіттердің хабарына қарағанда, өрттің арғы жағында, тереңде қалған 30-ға жуық адамды құтқару мүмкіндігі азайған сияқты",-деп жазды депутат әлеуметтік желідегі парақшасында.
Депутат осы ретте "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын Қазақстан үкіметінің меншігіне беру мәселесінде премьер-министр Әлихан Смайылов бастаған министрлер кабинеті салғырттық танытты деген ойын жеткізді.
"Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде біраз депутат көтерген осы талапқа Үкімет атүсті қарады, енді, міне, кезекті апат болды. Әлихан Смайылов (премьер-министр - агенттік) мырза, техника қауіпсіздігін қаперсіз қалдырып, Қарағанды кеншілерінің баудай қырылуына жол берген, жеке есебіне түсер миллиардтар қуып кеткен Митталдан "Карметті" қайтарып алуға не кедергі? Сіз "ескі Қазақстан" жаққа елеңдеуді қойып, Қазақстан халқына қарай қашан бас бұрасыз? "Аманат" партиясының Парламенттегі фракциясы сайлауда жеңіп шыққан партия ретінде 8-ші шақырылымның алғашқы сессиясында "аманаттықтар" ұсынған премьер-министрден "Карметтің" меншік иесін жедел өзгерту процессін бастауды талап етуді сұраймын», - деп жазды депутат.
Айта кетейік, соңғы мәлімет бойынша Костенко шахтасындағы апаттан қаза тапқандардың саны 21 адамға жетті.
Сіздің реакцияңыз қандай?