Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков ұлттық қор есебінен түскен қаржыны қайда жұмсауға болатынын айтты , деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Вице-министрдің айтуынша, ақшаны мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне салып, жинақтауына немесе «Отбасы» банкіне аударуға болады.
«Өздеріңізге белгілі, Президент 2022 жылы қарашада тапсырма берді. Сол кездегі есептеулерге сәйкес, балалардың саны 6 млн 400 мың болатын. Бүгінде балалардың саны 6 млн 919 мың. Соған сәйкес, бүгінде бөлініп жатқан қаражаттың сомасы 695 млн доллар. Оны енді осы 6 млн 919 мың 131 балаға бөлетін болсақ, 100 доллар 52 центтен шығып тұр. 100 доллар алатын баланың бүгінде "Отбасы банкте" депозит ашуға мүмкіндігі бар, соған салып қоя алады. Бұдан бөлек сол ақшаны мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне салып, жинақтауына болады», - деп түсіндірді вице-министр Сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап беру барысында.
Темірбеков мырзаға тілшілер сөз арасында «Осыған дейін бағдарламаға қатысатын балалар 18 жасқа толғанға дейін 3,5 мың доллар жиналады делінген еді, расында да солай бола ма және 100 доллар деген қаржы бір баланың қажетін өтеуге жете ме» деп сұрап үлгергенін айта кету керек.
«Ол сомаға жетеді. Тағы бір қайта кететін жайт бар. Осы түскен ақшаға инвестициялық кіріс жүретін болады. Ал биыл 18 жасқа толған балалар 100,52 доллардан алып, бүгіннен бастап ол ақшаны шеше алады. Әрине, бұл жеткіліксіз. Осы бағдарламаның тиімділігін тек қана 18 жыл осы бағдарламада болатын балалар ғана көре алады. Бағдарлама биылдан бастап іске қосылды», - деп атап өтті ол.
Айта кету керек, бұған дейін балаларға Ұлттық қор есебінен әр балаға алғашқы төлем ретінде100 доллар түскенін жазған едік.