Қайрат Боранбаев түрмеде жатқанда туған күнін дүркіретіп тойлаған
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Қайрат Боранбаевтың немере бауыры Әбілхан Боранбаев пен одан пара алған жедел уәкіл Дәурен Қазыбекті соттады, деп хабарлайды sadaqmedia.kz.
Ресми мәліметке сүйенсек, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 19 қазан күні осы оқиғаға қатысты қылмыстық істі қараған.
Сотта дәлелденгендей, Әбілхан Боранбаев жедел уәкіл Дәурен Қазыбек пен оның әріптесіне (күдікті тергеу кезінде қаза тапқан, оған қатысты іс тоқтады - агенттік) 1,6 млн теңге көлемінде пара берген.
Осы ақшаны алған Дәурен Қазыбек пен оның қаза болған әріптесі тергеу үшін қамауға алынған Қайрат Боранбаевқа мобильді байланыс берген, кездесу өткізген. Сонымен қатар, сотта дәлелденгендей, Қайрат Боранбаевтың туған күнінде түрмеге алкогольді ішімдік кіргізіп, үшінші тұлғалармен процестік емес байланысқа түсуіне заңсыз мүмкіндік берген. Айта кетейік, Қайрат Боранбаевтың туған күні – 22 қыркүйек.
Сот жедел уәкіл Дәурен Қазыбекті 7 жылға, ал, Қайрат Боранбаевтың туысы Әбілхан Боранбаевты 4 жыл алты айға соттады. Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, тергеумен келісімге келіп, біраз активін мемлекетке қайтарған Қайрат Боранбаевтың жазасы жеңілдеп, өткен аптада түрмеден босатылған.
Сіздің реакцияңыз қандай?