«Жүрегім елжіреп, жылап жүрді»: Дәулет Мұқаев өмірден өткен анасына жазба арнады
Дәулет Мұқаев анасы екі ай бойы ауруханада ауыр дертпен күрескенін айтты.
Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев өмірден өткен анасына жантебірентерлік жазба арнады.
"Анашым, маматайым, мама! Бәрі жақсы болып кететініне соңына дейін сендік қой. Біз бәріміз бірге дертпен күрестік, бірақ бұл дерт (аутоиммундық ауру) бізден де күшті болып шықты. Ауру жайлы кейін тағы айтармын. Себебі үлкен зерттеуді қажет етеді, сирек кездесетін ауру. Елде емдеу протоколы да жоқ. Жас болашақ дәрігерлер отандық медицина үшін үлес қосулары қажет. Анам ауруханаға жатқан күн 27 мамыр, көктем еді. 60 күн бойы ауруханада жатып, бір емес үш рет реанимацияға түсу деген қиынның қиыны. Жүрекке де, жанға да, миға да оңай емес. Анам ауырып жатқанын ешкімге айтпауды өтінді. Тек жақындары білдік. Сіздердің алдарыңызда менің жүзім күліп жүргенімен, жүрегім елжіреп, жылап жүрді. Көзден аққан жас пен іштегі өксігім тек өзіме және бір Аллаға аян болды. Өзгеге көрсетпедім, ішімнен "мен мықтымын, мен сынбауым керек, әйтпесе, анамды кім емдейді" деген оймен жүрдім. Мен үшін осы 60 күннің әр күні арпалыс, күрес, уайым, белгісіздік, шарасыздық, ұйқысыз түндер, дұғамен өтті. "Амал нешік, Алланың әмірі, Алланың қалауы" деген оймен өзімді жұбатудамын. Бірақ ауызбен айта салу қиын. Жүрегімнің бір бөлшегін тілім етіп, біреу жұлып алғандай сезім. Қабырғам қайысып тұр. Ата-анам менің қос қанатым болса, бір қанатым сынып, құздан құлап бара жатқанымдай әсер", - деп жазды депутат.
Дәулет Мұқаев оқырмандарын ананы тірісінде бағалауға шақырды.
"Сені 9 ай құрсағында, 2 жыл бауырында, өмір бойы жүрегімен көтеретін бір ғана жан бар. Ол - АНА! Аналарыңызды тірісінде бағалаңыздар. Жақсы сөздеріңізді айтып, махаббатарыңызды білдіріңіздер. Көбірек уақыт бөліңіздер. Бір күні кеш болады... Ал ол кезде ешкім уақытты кері қайтара алмайды. Ешкім де, ештеңе де мәңгілік емес", - деді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?