Жағдайы ауыр: Қостанайда жылу қазандығы жарылып, бір адам зардап шекті
Үйінді астынан 55 жастағы ер адам құтқарылды. Ол бірден ауруханаға жатқызылды. Зардап шегушіні Арқалыққа жеткізу үшін дәрігерлер мінген тікұшақ көкке көтерілді.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жарылыс болған кезде ғимаратта өзге адамдар болмаған. Амангелді ауданының әкімдігі аталған оқиғаға қатысты толыққанды мәлімет ұсынды.
"Аман-су" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты N2 қазандық 2 қабатты үш тұрғын үйді және әкімшілік ғимараттарды (сот, мұражай, мәдениет үйі) жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Сол қазандықтағы 2022 жылы орнатылған жылу қазандығы жарылып, оқыс оқиға орын алды. Оқиға барысында 1969 жылы туған науқас Амангелді аудандық орталық ауруханасына жатқызылды. Науқасты аудандық ауруханадан Арқалық қаласындағы өңірлік ауруханаға жеткізу мәселесін шешу және емдеу шараларын реттеу мақсатында санитарлық авиация арқылы ауданға анестезиологтар бригадасы жіберілді", - деді аудан әкімі Қанат Кеделбаев.
Жылумен жабдықтауды қалпына келтіру үшін бір тәулік ішінде дайын контейнерлік типтегі блоктық-модульдық қазандық орнатылатыны да нақтыланады.
"Сондай-ақ, қалпына келтіру жұмыстары кезінде қазандыққа қосылған үйлердің тұрғындарына жылумен қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Тұрғындар жылусыз қалмайтын болады", деп сендіреді жергілікті әкімдіктегілер.
Сіздің реакцияңыз қандай?