Жаңа премьердің есімі сағат үште белгілі болады
Жұрт ақ тер-көк тер болып талқылап жатқан кандидаттар арасында Досаев, Қасымбек, Бозымбаев, Ноғаев сынды тұлғалар бар.
Бүгін сағат 15:00-де Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысы өтеді. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады, деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес депутаттардың келісімін алу үшін жаңа Премьер-Министрдің кандидатурасы ұсынылады. Премьер министрдің кандидатурасын басқарушы партия саналатын - «Аманат» ұсынады.
Еліміздің конституциясына сәйкес, Мемлекет басшысы кандидатты қолдаса, Мәжілістің қарауына береді. Егер үміткерді депутаттар қолдаса, Президент жаңа Премьер министрді тағайындайды.
Желіде Смайыловтың орнына кім келеді деген мәселе қызу талқыланып жатыр. Жұрт ақ тер-көк тер болып талқылап жатқан кандидаттар арасында Досаев, Қасымбек, Бозымбаев, Ноғаев сынды тұлғалар бар. Сонымен қатар, Роман Скляр болуы мүмкін деген жорамал да жоқ емес.
Айтпақшы, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи премьерлік постқа Ерболат Досаев пен Нұрлан Ноғаевтың екеуінің бірі лайық көретінін айтып үлгерді.
Жалпы айтар болсақ, 1991 мен 2024 жылдар аралығында Қазақстан үкіметін 11 саясаткер басқарыпты. Оның ішінде Кәрім Мәсімов екі рет Премьер-министр болды. Сонымен қатар ол қазақ тарихында Премьер-министр креслосында ең ұзақ отырған адам саналады.
Сіздің реакцияңыз қандай?