Украина АҚШ-тан Ресей аумағын атқылауға рұқсат алды

Маусым 3, 2024 - 10:54
Маусым 3, 2024 - 10:55
Украина АҚШ-тан Ресей аумағын атқылауға рұқсат алды

АҚШ президенті Джо Байден Украина Харьковте өзіне шабуыл жасаған немесе сондай жоспары бар Ресей күштеріне жауап соққы кезінде Вашингтон жіберген қару-жарақты пайдалансын деп тапсырды, деп хабарлады Азаттық радиосы. 

Азаттық радиосына бұл туралы АҚШ-тағы өкілетті тұлғалардың бірі хабарлаған.

Бірақ «Ресей территориясындағы нысандарға ATACMS немесе басқа да алысқа жететін зымырандарды қолдануға тыйым әлі де өз күшінде» деді ол.

АҚШ-тың шектеулерді өзгерткенін бірінші болып Politico жазды.

"Украина Ресейдегі нысандарға соққы жасауға құқылы. Киев соғыс жағдайында, Ресей Украинаны күнде бомбалап жатыр", — деді Лондондағы қорғаныс зерттеулері жөніндегі корольдік институттың аға ғылыми қызметкері Джек Уотлинг Financial Times подкастында.

Сарапшының пікірінше, Украинаға қандай қару түрін қолдануға рұқсат берілетіні өте маңызды. Артиллериялық қару — басқа, ал Storm Shadow, Scalp немесе ATACMS сияқты алысқа жететін қанатты зымырандардың жөні бөлек.

"Ресейге соққы жасау керек пе? “Жоқ” десек, бұдан еш пайда болмайды. Бірақ әртүрлі жүйеден жасалатын соққының салдары да, қаупі де әртүрлі, — дейді ол.

Ресей бұған дейін Вашингтон Киевке ұзақ қашықтыққа жететін қару-жарақ жіберсе, қызыл сызықтан өтіп кететінін ескерткен. Батыстың әскери көмегі артса да, Ресей қару-жарақ қоймаларына шабуыл жасаған жоқ.

АҚШ саясатының өзгеруі туралы сұрақтарға жауап берген Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеудің бұл жаңалықтан хабары болмағанын, соғыс барысы өзгереді деп ойламайтынын айтты.

"Ресей территориясындағы нысандарға соққы жасау үшін америкалық қару бұрын да қолданылғанын жақсы білеміз", — деді Песков 31 мамырда. — Бізге осыны білу де жеткілікті, бұл АҚШ-тың кикілжіңге қандай деңгейде қатысып отырғанын жақсы көрсетеді.

Украина бірнеше ай бойы 2014 жылы Ресей басып алған Қырымдағы әскери мақсаттарын орындауға тырысты. Ресей әскерінің көп бөлігін, ұшақ, әскери техника, тіпті бұрын Севастопольде болған Қара теңіз флотының кемелерін де Қырымға көшірген.

Сәуірдің соңында Украина Қырымдағы Джанкой аэродромына соққы жасау үшін ATACMS (тактикалық зымыран жүйесі) қаруын қолданды. Киев ATACMS жүйесінің жақын қашықтыққа ұшатын нұсқасын бұрын да пайдаланған. Бірақ Джанкой аэродромына шабуыл кезінде алысқа жететін модельді бірінші рет қолданды. АҚШ бұл қаруды бірнеше ай бұрын құпия жеткізген.

Украина Қырымдағы ресейлік әскери теңіз нысандарына соққы жасау үшін британ-француз өндірісінен шыққан Storm Shadow зымырандарын іске қосты.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow