Түркия Халықаралық сотқа Израильге қарсы шағым түсірді
Түркия Израильді жауапқа тартуды талап еткен жетінші мемлекет болып отыр.
Анкара Оңтүстік Африка республикасының Израильге қарсы шағымына қосылды. Бұл жөнінде Түркия парламенті хабарлады. Шағым Израильдің Газа секторындағы әскери қимылымен байланысты, деп жазады Азаттық рухы.
Израиль әскерінің палестиналық ХАМАС тобына қарсы әскери операциясы жалғасып жатқан шақта Түркия Израильді жауапқа тартуды талап еткен жетінші мемлекет. ХАМАС-ты АҚШ пен ЕО террористік ұйым таныған. Израиль 2023 жылы 7 қазандағы ХАМАС-тың шабуылынан кейін Газа секторында әскери операция бастаған.
Түркия президенті Режеп Ердоған Газадағы жағдайды палестиналықтарға жасалған геноцид деп атады. Израиль айыптауларды жоққа шығарған.
Оңтүстік Африка республикасы Гаагадағы Халықаралық сотқа 2023 жылы шағым түсірген. Мамырдың соңында сот Израиль Газа секторының оңтүстігінде Рафах қаласындағы операцияларын тоқтатуы керек деген шешім шығарған. Бұған қоса, Израильді Газа секторында геноцид болғандығы жөнінде ақпараттарды тексеру үшін халықаралық сарапшыларды кіргізуге шақырған.
Түркиядан бөлек, ОАР-ға Никарагуа, Колумбия, Ливия, Мексика, Испания және палестиналық автономия қосылған.
Халықаралық БҰҰ соты шешімінің орындалуы міндетті емес, алайда халықаралық құқыққа сәйкес оның саяси салмағы бар және Израильге қолдауды әлсіретуі мүмкін.
Сіздің реакцияңыз қандай?