Transparency International: Қазақстан әлі де жемқорлық жайлаған елдер қатарында тұр

Ұйымның мәліметінше, Қазақстанның рейтингіде үш сатыға көтерілуіне Қаңтар оқиғасынан кейін азаматтық белсенділіктің артуы ықпал еткен.

Қаңтар 31, 2024 - 11:21
Transparency International: Қазақстан әлі де жемқорлық жайлаған елдер қатарында тұр
adyrna.kz

Жемқорлықты зерттейтін Transparency International ұйымы 2023 жылдың Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бойынша Жемқорлықты қабылдау индексін жариялады. Бұл рейтингіде Қазақстанның көрсеткіші былтырмен салыстырғанда үш сатыға жоғарылаған, алайда ел әлемдегі жемқорлық жайлаған елдер қатарында қалып отыр.

Қазақстанның көрсеткіші биылғы көрсеткіші 39 баллмен шектелген. Былтырғы тізімде Қазақстанның көрсеткіші 36 балл болған еді. Яғни аздап алға жылжу бар деген сөз. Ал жалпы тізімде Қазақстан 180 елдің арасында 92 орында тұр.

Есепте Қазақстан "жемқорлықпен күресте оның ішінде, құқықтық реформа жүргізу және ұрланған активтерді қайтару жағынан белгілі бір жетістіктерді көрсетіп жатыр" деп жазылған.

Ұйымның мәліметінше, Қазақстанның рейтингіде үш сатыға көтерілуіне Қаңтар оқиғасынан кейін азаматтық белсенділіктің артуы ықпал еткен. Халық арасында белсенділіктің артуы билікті "жемқорлыққа қарсы бірқатар реформа жүргізуге" итермелеген.

"Алайда мұндай талпынысқа сот жүйесінің ашықтығы мен тәуелсіздігінің жоқтығы, оған қоса авторитарлық режим нұқсан келтіреді. Ықпалды саяси элитаның үздіксіз қысымымен бірге осының бәрі сыбайлас жемқорлықтың өркендеуінежол ашады. Алға жылжу үшін Қазақстанға инклюзивті, ашық және саясат араласпаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар, сонымен бірге ауқымды демократиялық реформалар қажет" деп жазылған есепте.

Есепте 26 балл алған Қазақстанның көршісі Қырғызстан 180 елдің ішінде 141-орында тұр. Есеп авторлары Қырғызстанды "сот жүйесі режимге наразыларды қудалау үшін пайдаланатын" авторитаризм шоғырланған ел деп атаған.

33 балл алған Өзбекстан рейтингіде 121-орында тұр. Есеп авторлары Өзбекстанды жемқорлықты қабылдау индексіндегі көрсеткішін "едәуір жақсартқан" ел ретінде атаған. Оған "ықпал еткен шаралар" арасында жемқорлықпен күрес агенттігін құру, заңнаманы жетілдіру, экономикадағы бірқатар шектеулерді алып тастау, шенеуніктерді жемқорлық бойынша жазалау сияқты шаралар бар.

Дереккөз: Азаттық радиосы

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow