Тоқаев «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырды
Бүгін Президент кезекті Жолдауында мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет екенін айтты, деп жазады Sadaqmedia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, елдегі 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордан 300 миллиардтан астам теңге аударылған, бірақ мемлекеттен қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатыр.
«Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды.
Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды. Дегенмен қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс», деді Тоқаев.
Қазақстан президенті әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады деді. Осыған байланысты ол халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет деп, үкіметке «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырды.
Сіздің реакцияңыз қандай?