Тоғызқұмалақтың атауы өзгере ме? Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясы жауап берді
Ұлттық ойынның атауы Парламентке де, Үкіметке де, тоғызқұмалақ федерациясына да тиесілі емес. Ол еш адамның , не ұйымның меншігіне жатпайды. Ойынның да, оның атауының да иесі - қазақ халқы.
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова ұсынысынан кейін Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясы мәлімдеме жасады, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Федерация басшысы Әлихан Бәйменнің айтуынша, ғасырлар бойы халық пайдаланып келген төл атаудан жирену, қасиетті ұғымдарға немқұрайлы қарау - ұлттық құндылықтар аясында қоғамды ұйыстыруға бастамайтын іс.
Мәжілістің бірнеше депутаты ұлттық мәдени мұрамыз тоғызқұмалақтың атын өзгерту қажет деп үкіметке сауал жолдапты.
Ғасырлар бойы халық пайдаланып келген төл атаудан жирену , қасиетті ұғымдарға немқұрайлы қарау - ұлттық құндылықтар аясында қоғамды ұйыстыруға бастамайтын іс екені сөзсіз.
Көзіқарақты кез келген адам «бұлар басқаны қойғанда Абайды танымай Әуезовті оқымағандар ма?» деп қайран қалған шығар. Бастамашылардың кімді оқитынын білмейміз , бірақ қағидалы ақиқатты түсінбейтіні анық.
Тоғызқұмалақ- ұлттың мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойыны.
ЮНЕСКО оны адамзаттың мәдени мұрасы деп 2020 жылы мойындаған. Тоғызқұмалақ ұлтымыздың әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі болып табылады.
Сырттан келген бір-ер адам түрлі пиғылмен атауын бұрмаласа- ондай тәсілді біздің мәдениет пен тарихи жадымызға қарсы сыртқы күштер талай қолданғанын тарихтан да білеміз.
Тарихи , ғылыми дереккөздерде , көркем және ауыз әдебиетінде, ұлттың жадында ойын тек тоғызқұмалақ деп аталады.
Ұлттық ойынның атауы Парламентке де, Үкіметке де, тоғызқұмалақ федерациясына да тиесілі емес.
Ол еш адамның , не ұйымның меншігіне жатпайды.
Ойынның да, оның атауының да иесі - қазақ халқы.
Біздің перзенттік парызымыз - тоғызқұмалақты дамытып, қанатын кеңге жаю.
Қазір әлемнің 50 астам елінде тоғызқұмалақ көзбе -көз ойналса, интернет арқылы 100 мемлекет тұрғындары түрлі сайыстарға қатысуда.
6 әлем чемпионаты 25-30 ел өкілдерінің қатысуымен өтті.
Жаханға танымал зияткерлік ойындар сайттарында тоғызқұмалақ көшбасшы орында.
Қазақстанда 210 мың адам түрлі деңгейде тұрақты шұғылдануда.
Мұның бәрі ардагерлер, жаттықтырушылар , ойыншылардың еңбегінің , оларды демеп, қолдап жүрген федерация,тоғызқұмалақ қайраткерлері, кәсіпкерлер, Спорт және туризм министрлігі мен жергілікті әкімдіктер , маслихат депутаттарының бірлесе атқарып жүрген істерінің жемісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы тоғызқұмалақты дамытуға назар аударуы ортақ іске соны серпін берді.
Біз әрі қарай да ұлттық мұраны насихаттап, дәріптеп, кеңірек таралуына жұмыс жасаймыз.
Перзенттік парызымызды атқаруға ешкім кедергі бола алмайды.
Қазақ барда тоғызқұмалақ дами бермек.
Ұлт алдында зор міндеттер тұр. Азамат ретінде ел дамуының өзекті мәселелері бойынша жоғары мінберлерден келелі ой айтылғанын қалаймыз.
Пікір алуандылығын сыйлай отырып , қасиетті құндылықтармен ойнауға болмайтынын мәлімдейміз.
Федерация мәлімдемесінде осылай делініпті.
Оқи отырыңыз: «Тоғызкөргөл немесе гечюрме»: Мәжіліс депутаты «Тоғызқұмалақтың» атауын өзгертуді ұсынды
Еске сала кетейік, кеше Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова тоғызқұмалақ ойынының атауын бір ізге келтіру үшін тоғызат деп атауды ұсынып, Үкіметке сауал жолдаған болатын.
Оның айтуынша, бүгінде бұл ойынның негізгі екі атауы орнығып отыр: қазақша - тоғызқұмалақ, қырғызша - тоғызкөргөл. Ішінара түрікше мангала/гечюрме аталады. Қазақстан тарапы халықаралық жарыс өткізгенде ойынның аты «тоғызқұмалақ» аталады да, Қырғызстан жағы жарыс ұйымдастырғанда бұл ойын «тоғызкөргөл» болып шыға келеді.
«Ғалымдар мен зерттеушілердің пікірінше, бұл ойынның жалпытүркілік атауы бар, ол — Тоғызат. Этнограф Г.Загряжскийдің еңбегінен ойынның атауы XIX ғасырда тоғызат аталғаны мәлім болып отыр. Осы деректерді ескере отырып, алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дейін жалпытүркілік бұл зияткерлік спорттың атауын ортақ нұсқамен тоғызат атауын қалыптастыру шараларын қолға алуды ұсынамыз», деген болатын Нұрымова ханым.
Сіздің реакцияңыз қандай?