Таразда дәрігерлердің құрметіне салынған саябақ қоқыс алаңына айналды
Денсаулық саябағы 2021 жылы короновирустан жан тапсырған ақ халаттылардың құрметіне салынған.
Таразда небәрі 3 жыл бұрын абаттандырылған Қарасу каналы қараусыз қалды. Қала ортасымен ағып өтетін өзен арнасын қоқыс басып, қамыс қаулап кеткен, - деп хабарлайды “Алматы” арнасы.
Денсаулық саябағы 2021 жылы короновирустан жан тапсырған ақ халаттылардың құрметіне салынған. Қарасу каналын қосқанда 12 гектар алқапта саябақ бой көтеріп, демалыс орны ашылды. Бірақ қазіргі ахуалы көңіл көншітпейді. Сәндік талдың бәрі қурап, қоршау темірлерін тот басқан. Орындықтар сынып, өзенді қоқыс пен балдыр басқан. Көпшілік көркі көз тартар саябақтың әп-сәтте көріксіз орынға айналғанына ашулы.
"Қоқысты шығарып тастады. Оны алып кеткен де жоқ. Отыратын орындық жасау керек. Шөпті оруға болады ғой? Таза тұрса, халық демалады", - деді қала тұрғыны Кенжегүл Бекмағанбетова.
Қарасу арнасы бойындағы гүлзарларда қазір бірде-бір гүл жоқ, бәрі солған. Себебі кейінгі жылдары жергілікті билік көңіл бөлмепті. Мұны әкімдіктегілер де растап отыр. 4 шағынауданның ортасын бөлген өзеннен өтуге тұрғындар жүрексініп қалған. Өйткені қаңғыған ит пен панасыздар жиі жүретін көрінеді.
"Жарық қосамыз. Сондай-ақ, орындықтары бар, басқа да гүлзарларын қалпына келтіреміз. Күзде көлеңке беретін көпжылдық жапырақты ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз", - деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.
Тазалау жұмыстары 2 айға созылады екен. Содан кейін ғана күздігүні көшет пен ағаш отырғызылады.
Айта кетейік, бюджет қаражатына салынып, кейін қараусыз қалған саябаққа қазынадан қайтадан 4-5 миллион теңге бөлінеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?