Суретші Рустам Хальфиннің онлайн-мұрағаты ашылды

Рустам Хальфин (1949-2008) – Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи арт өнерінің қалыптасып, өркендеуіне үлкен ықпал еткен суретші.

Наурыз 14, 2024 - 09:56
Наурыз 14, 2024 - 09:56
Суретші Рустам Хальфиннің онлайн-мұрағаты ашылды

Қазақстанда суретші Рустам Хальфин шығармашылық мұрасының LOOK Gallery атты онлайн-мұрағаты ашылды, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

Мұрағат заманауи өнер саласындағы кәсіби мамандарға, сондай-ақ жас суретшілерге, осы бағытта білім алып жүрген студенттерге және жалпы оқырманға арналған.

Онлайн-мұрағат – Рустам Хальфин шығармашылығы қорының мәліметтерді жинау, жүйелеу және цифрландыру бойынша екі жыл бойы жүргізген жұмысының нәтижесі. Мұрағат Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің қалыптасуына және дамуына қатысты процестерді ескере отырып, суретшінің мұрасын зерделеуге мүмкіндік береді. Материалдардың басым көпшілігі 80-жылдар мен 2008 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Жоба жұмысы ары қарай жалғаспақ: бұл ретте 3000 шамасындағы ақпарат жинақталады және кезең-кезеңімен цифрландырылады. Онлайн-мұрағат Рустам Хальфиннің LOOK Gallery атты галереясының құрметіне аталды. Бұл галереяны суретші 1999 ашқан болатын. Онда Хальфин инсталляцияларын, жобаларын, перформанстарын жүзеге асырды. Мұрағат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылып отыр. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, онлайн-мұрағат аясында көркем сурет, графикалық еңбек, этюд жұмыстары, суретшінің жеке фотосуреттері, видео-арт, сонымен қатар энвайронмент, инсталляция, перформанс фотосуреттері, іскери хаттар, Хальфиннің шығармашылығы туралы көпке белгісіз мақалалар мен оның осыған дейін жарияланбаған мәтіндері секілді 900-ден астам жұмыс цифрландырылған.

«Цифрлық коллекциясының пайда болуы – суретшінің шығармашылық мұрасын сақтап, насихаттау жолындағы маңызды қадам. Бұдан бөлек, бұл ауқымды жария онлайн-мұрағат – Қазақстандағы қандай бір суретші жұмыстары туралы ең алғашқы осы тектес жоба болып отыр. Біздің тәжірибе басқа суретшілерге, олардың мұрагерлері мен өзгедей институцияларға пайдалы болса, тек қуанамыз. Тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз», – дейді Рустам Хальфин мұрасы қорының негізін қалаушы Руслан Хальфин.

Рустам Хальфин (1949-2008) – Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи арт өнерінің қалыптасып, өркендеуіне үлкен ықпал еткен суретші. Оның жұмыстары отандық және халықаралық көрмелерде, мәселен, 2005 жылы 51-ші Венеция биенналесіндегі Орталық Азия павильонында ел назарына ұсынылды. Суретшінің еңбектері нонконформистік өнердің Зиммерли музейі (Нью-Брансуик, АҚШ), M HKA заманауи өнер музейі (Антверпен, Бельгия), Мемлекеттік Третьяков галереясы (Мәскеу, Ресей), Шығыстың Мемлекеттік музейі топтамасы (Мәскеу, Ресей), Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі (Алматы, Қазақстан), ҚР Ұлттық музейі (Астана, Қазақстан) секілді танымал орындарда, сонымен қатар жеке коллекцияларда сақталған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow