Станислав Черчесовтің айына 44 млн теңге алатыны рас па?

Маусым 4, 2024 - 11:43
Маусым 4, 2024 - 11:44
Станислав Черчесовтің айына 44 млн теңге алатыны рас па?

Күні кеше Станислав Черчесов футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болды. Ресейлік маманның жаңа қызметке тағайындалғаны сол еді, әлеуметтік желі мен БАҚ бетінде оның жалақысы төңірегінде біраз ақпарат тарады. Қазақстан футбол федерациясы осыған қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Журналист Диас Нұрақын өз парақшасында Черчесовтің айына 45 млн теңгеге жуық жалақы алатынын жазған.

«Статистика агенттігіндегі сарапшылар бүгін мұрындарынан су кеткенше жұмыс істеп, есеп-қисабын өзгертіп, жанталасып жатыр. Өйткені елімізде орташа жалақы көлемі күрт өсіп, 22 393 542 теңгені құрады. Себебі бүгіннен бастап футболдан ұлттық құрама бапкері болған Станислав Черчесов айына 44 млн 702 мың теңге жалақы алады. Ал, Абай даңғылын таңмен таласа тұра сыпыратын Серікбай Шеркешов 85 мың айлық алады. Статагенттіктің орташа жалақы 382 мың теңге дегені өтірік екен. Базардағы баға қымбаттап, инфляция қалтаны қақпасын деп азайтып айтуға мәжбүр олар. Дұрыс жағынан түсінейік», - деп жазды ол әзіл-шыны аралас.

Қазақстан футбол федерациясы жаңа бапкердің жалақысына қатысты ресми мәлімдеме жасады. Олар Черчесовтің айлығы асыра көрсетілген десе де, нақты қанша табатынын ашық айтудан бас тартты.

«Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері Станислав Черчесовтің жалақысы туралы ақпарат асыра көрсетілген және шынайылыққа сәйкес келмейді. Келісімшарттың құпиялығын сақтай отыра бапкердің жалақысы жария етілмейтінін хабарлаймыз. Келісімшарт бюджет тарапынан қаржыландырылмайды», - деп атап өтті ҚФФ.

Ал Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Магомед Адиевпен келісімшарт екі жақтың келісімімен тоқтатылған.

Айта кетері, Станислав Черчесов футболшы кезінде «Спартак» (Орджоникидзе), «Спартак» (Мәскеу), «Локомотив» (Мәскеу) және «Динамо» (Дрезден) сияқты клубтарда ойнаған.

Жаттықтырушы ретінде Ресейдің «Спартак» (Мәскеу), «Жемчужина», «Терек», «Амкар», «Динамо» (Мәскеу) сынды командаларда жұмыс істеген. Сондай-ақ Станислав Черчесов Польшаның «Легиясын», Ресей құрамасын және Мажарстанның «Ференцварошын» басқарды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow