Ресей жанармайдан тарыға бастады
Киев гибридті соққы - яғни ракеталар мен дрондарды араластырып ұра алады. Оған мұнай өңдеу зауыттарын жауып тұрған әуе қорғанысының шамасы жетпеуі мүмкін.
“Ресейдің кей өңірлерінде 28 сәуірден бастап жанармай (бензин/дизель) тапшылығы басталды. Алыпсатарлар тарапынан жанармайды сатпай, өзінде жинай бастау әрекеттері де байқалған. Біршама мұнай өңдеу қуаттары істен шыққаннан кейін, губернаторлар Кремльге шағым айтып, дабыл қағуда”, - дейді Dala Inside.
Арна мәліметінше, Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары Украинаның негізгі нысанына айналып отыр.
“Бұған дейін дрондар соққы берген болатын. Енді Киев 300 шақырымға ұша алатын Atacms ракеталарына қол жеткізгендіктен, Мәскеу қуырдаққа сойылатын түйенің енді ғана келетінін түсінді”, - дейді арна.
Сонымен қатар арна Қауіпсіздік кеңесінің болжамы көңіл көншітпейтінін атап өтеді.
“Енді Киев гибридті соққы - яғни ракеталар мен дрондарды араластырып ұра алады. Оған мұнай өңдеу зауыттарын жауып тұрған әуе қорғанысының шамасы жетпеуі мүмкін.
Осы орайда Кремль ішкі дефицитті болдырмас үшін жанталаса жол іздеп жатыр. Басты идея - көршілес ЕАЭС елдерінде Ресейге бағынышты мұнай өңдеу зауытының болуы. Оның алдында Беларусь басшылығы Мозырь мұнай өңдеу зауытының қуаты Ресейдің бүкіл қажеттілігін өтеуге жетеді деп сендірген болатын. Өз кезегінде, егер Мозырь таза Ресей қажеті үшін жұмыс істейтіні дәлелденсе, Украина Беларусьтағы инфрақұрылымға да соққы беруге дайын. Және ол ракета әлде дронмен емес, ішкі диверсия, байқамай өртеніп кету, техногендік апат түрінде орын алуы ықтимал”, - дейді DALA INSIDE дереккөзі.
Беларусьтің тәуекелі жоғары екенін білетін Кремль жабық отырыста Лукойлды Атыраудағы НПЗ мәселесін шешу бойынша асықтырды дейді, дереккөз.
“Лукойлда ондай ақша бар. Компания 2023 жылы 790 миллиард рубль таза кіріс алды. АНПЗ Қазмұнайгазға тиесілі. Қазмұнайгаз оны сату бойынша нақты жоспар дайындамаған болатын. Бұл идея тек концептуалды түрде талқыланып жүрген. Әзірге Лукойл Қазмұнайгазға шыққан жоқ. Олар мәселені зерттеп, ҚМГ-ға ұнайтын ұсыныс әзірлегісі келеді”, - дейді олар.
Dala Inside дереккөзі осы ұсыныс пакетінде Лукойлға тиесілі Болгариядағы Бургас НПЗ-сына қатысты тарау да болып қалар деп ойлайды. Себебі АНПЗ-ны Бургасқа алмастыру, оған қоса басқа да опциондар беру туралы ұсыныстар келсе, Қазмұнайгаздың ойланып қалары белгілі.
“ЕАЭС-тегі жанармайдың ортақ нарығы деген дүниенің өзіне құрылған қақпан екенін Қазақстан енді түсіне бастады. Ортақ нарық болса, Ресейдегі дефицит пен қымбат баға Қазақстанға да келетіні айдан анық болып тұр. Онда біздегі санаулы НПЗ-лар толық Ресей нарығына жұмыс істеп, өз нарығымызда адам айтқысыз дефицит басталады. Ал 2022 жылы автогаз бағасының бірнеше есе өсуі неге алып келгендігін Үкімет ұмытқан жоқ. Астана Еуразиялық комиссияны алдап-сулап, осы ортақ нарықтың енгізілуін 2025 жылдан 2027 жылға дейін созды. Бірақ Кремль тізеден басып, 2027 жылдан кейін біз жалтара алмайтындай қылуға ниетті.
Осының алдында Ресей қажет жағдайда Қазақстаннан 100 000 тонна бензинді резервте ұстауын бейресми каналдар арқылы сұраған болатын. Кремль наурыздан бастап алты айға дейін Ресей аумағынан бензинді сыртқа шығаруға шектеу қойды. Қазір елімізде халық көп тұтынатын Аи-92 маркалы бензиннің 307 700 тонна қоры бар. Ал Аи-95 маркалы бензин резерві - 58 000 тонна, дизель резерві - 435 300 тонна”, - дейді дереккөз.
Сіздің реакцияңыз қандай?