«Наурызбай Өтпенов дінбасы болғалы қазақ жаманшылықтан көз ашпай-ақ қойды»: Мүфтиді күндегендер кім?

Дінбасының араб тіліне жетік емес екенін, Құран аяттарын да қате оқитынын білеміз. Гәп осында ма екен?...

Сәуір 9, 2024 - 14:28
Сәуір 9, 2024 - 14:45
«Наурызбай Өтпенов дінбасы болғалы қазақ жаманшылықтан көз ашпай-ақ қойды»: Мүфтиді күндегендер кім?
Фото: ҚМДБ

Әлеуметтік желіде елімізде болып жатқан қиын жағдайларға мүфтиді кінәлаған кім? Елдегі ахуалға Наурызбай Тағанұлының не қатысы бар? Бұл туралы sadaqmedia.kz ақпарат порталы Ораз Әлімбековтің фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап хабарлады.

Ораз Әлімбеков елдегі жағдайларды тізбектеп жазып, бас мүфти «араб тілінде дұға жасамағаннан дұғасы қабыл болмай жатыр деген ақпарат таратты.

Елде болған аты жаман індет, қаңтардағы қырғын, елдегі су тасқыны сынды жайттарды айтып, мүфтидің дұғасынан деп айту, қаншалықты дұрыс?

"Бас мүфти Аллаға жалбарынғанда неге өксіп жылайды? Осы Бас мүфти Наурызбай Өтпенов Аллаға жабарынып дұға қылғанда ылғи пора-пора жас шығарып жылайды. Қажылыққа барса да, Қағбаға кірсе де, Қағбадан шықса да, Жылқышыбайға сұхбат берсе де, … сөйтеді. Дінбасының «Еліме жақсылық жасай гөр, халқымды панаңа ала гөр…» деп қазақшалап Аллаға жалбарынуында мін жоқ. Бірақ, Наурызбай Өтпенов дінбасы болғалы бері қазақ жаманшылықтан көз ашпай-ақ қойды", деп жазды желі қолданушысы.
Ораз Әлімбековтің айтуынша, Наурызбай қажы Бас мүфти болып сайлана сала короновирус індеті елді жайлаған.

"Наурызбай Өтпенов қалай ҚМДБ төрағасы болып сайланып еді, солай коронавирус деген жұқпалы індет ел ішін жайлап, кеселден талай адам о дүниелік болды. Бұл қазақ сол індеттен енді ес жиып еді, қылышын сүйретіп тосыннан Қаңтар оқиғасы келе қалды. Қанды Қаңтар да талай қазақтың басын жалмады. Қаңтар оқиғасы ушыға бастағанда дінбасымыз жамағатының тағдырына алаңдамай Сатыбалдының VIP ұшағына мініп алып Дубайға тайып тұрды, Арабстан жақта жамбастап жатып алды… «Дубайға барған жоқ, Саудияда Кіші қажылық жасап, Алладан тілек тіледі» деп дауласты сол кезде оның жақтастары. Мейлі ғой, Дубай арқылы Меккеге барған шығар, бірақ оның сол кезде, ел тағдыры қылыштың жүзінде тұрғанда Қазақстанда болмағаны рас қой…".

Желі қолданушысының жазуынша, Бас мүфти кей нәрсені дұрыс істемейді.

"Қасіретті Қаңтардың қатқан қан мен іріңі аралас жарасын тілімен жалап жазған бұ қазақ енді еңсесін көтере беріп еді, бүткіл елді су басты. Қаншама адам үйсіз, күйсіз далада қалды, халық қатты қиналып жатыр. Ал Бас мүфти қала-қалада ауызашар беріп «ас ішіп аяқ босатып» жүр… Бас мүфти елімізге жақсылық, халқымызға амандық сұрап, Аллаға жалбарынғанда бір нәрсені дұрыс істемейді-ау деймін. Әдетте, Аллаға жалбарынатын дұға араб тілінде айтылады, арабша айтса ғана дұға қабыл болады дейді білгіштер. Дінбасының араб тіліне жетік емес екенін, Құран аяттарын да қате оқитынын білеміз. Гәп осында ма екен?... Әлде пора-пора жас ағызып өксіп оқыған дұға қабыл болмай, Алла қазақтың ақжолын ашпай тұр ма? Эх, осындағы гәпті түсінбей-ақ қойдым — бір кем дүние-ай".

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow