Министрлік интернеттегі қауіпті ойындар туралы ескерту жасады
Кейінгі уақытта мессенджерлерде қауіпті ойындар туралы ақпарат таралуда.
Жыл басынан бері суицидтік белгілері бар 43 интернет-ресурс анықталды. ҚР Ішкі істер министрлігі интернет желісіндегі балалар қауіпсіздігі туралы мәлімет берді. Бұл ресурстар бойынша ақпарат уәкілетті органға, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігіне бұғаттау үшін жіберілді.
«Кейінгі уақытта мессенджерлерде қауіпті ойындар туралы ақпарат таралуда. Мұндай ойындарда өзін-өзі өлтіру элементтері кездеспейді, бірақ онда балалардың психикасына теріс әсер ететін қашу, бағынбау сияқты әрекеттерді құптау қаупі болуы мүмкін. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандардың ата-анасы мен заңды өкілдерін бала тәрбиесіне мұқият көңіл бөлуге шақырады», - деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Жалпы әрбір суицид дерегі бойынша балаларды суицид жасауға итермелеген себептерді және оған қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі.
«Кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсауына ықпал ететін бірнеше себеп болуы мүмкін. Бұл жалғыздық сезімі, қиын материалдық жағдай, ата-аналарымен немесе туыстарымен жанжалдасу, оқудағы ұрыстар, ата-анасының ажырасуы, жақын адамының қайтыс болуы, жазаланудан қорқу. Суицид жасаудың нақты себебі тек тергеу нәтижесімен ғана белгілі болады», - деді спикер.
Сіздің реакцияңыз қандай?