Медеу Арынбаевтың «Дариға жүрегі» Дариға Назарбаеваға арналған ән боп шықты
Медеу Арынбаевтың 21 жылдан кейін ел білмейтін құпиясы ашылды.
Халық арасында кеңінен танылған "Дариға жүрек" әні арнайы тапсырыспен Дариға Назарбаева үшін жазылған, деп хабарлайды Sadaqmedia.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Осыдан 20 жыл бұрын жарыққа шыққан "Дариға жүрек" әнінің авторы - Бауыржан Есебаев, ал халыққа танытқан орындаушы – Медеу Арынбаев.
Сазгердің айтуынша, бұл әнді 2003 жылы бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның төл мерекесіне орай арнайы тапсырыспен жазған екен.
"Негізі бұл ақпаратты бұрын ашық айтқан емеспін. Күндердің күнінде маған сол кездегі "Хабар" телеарнасының бас продюсері Серік Абас-Шах хабарласты да, телеарна жаққа келуімді өтінді. "Дариға Назарбаеваның туған күні келе жатыр. Соған бір ән жазып, клип түсіруіміз керек" деді. Сөйтіп тапсырыс алдым. Уақыт өтіп жатыр, Серік Абас-Шах та мені асықтырды. "Ән қайда, ән қайда?" деп күнде сұрайды. Әр әнді жазған кезде ізденесің ғой, сол кезде мен Мұқағали Мақатаевтың "Дариға жүрек" деген поэмасын көріп қалдым. Шығармадан қатты әсер алдым. Сол кезде осы "Дариға жүрек" деген ән жазсам деген ой келді. Әннің атауын солай таптым. Ал Мұқағали атамыздың "Дариға жүрек" поэмасы идеяның көзі болды. Содан кейін осы "Дариға жүрек" деген атауды алып, өзім әні мен сөзін жазып, Серік Абас-Шахқа өткізіп жіберсем деп жоспарладым. Әйтеуір Дариға деген аты тұр, оны Серік аға біле қоймас деп ойладым. Сөйтіп Серік Абас-Шах әнді қуана-қуана алып, сол сәтте-ақ ән өңдеуші Ринат Гайсинге берді", - дейді Бауыржан Есебаев.
Сіздің реакцияңыз қандай?