«Маһрға 3 бөлмелі пәтер сұрапты. Жас қыздарымыз күйеуге тимей жатып қол жайып жүр» - әнші Айгүл Елшібаева
Дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева жас қыздарды сынға алды. Танымал кәсіби халық әншісі маһр сұрау әдебіне қатысты сөз айтып, оның өзіндік тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Alash.KZ. ұлттық порталы.
«Бүгінде жас қыздардың аузынан «маһр» сөзі түспейтін болыпты. Теледидардан «болашақ күйеуімнен маһрға 3 бөлмелі пәтер сұраймын" деген сөздерді де естідік. Бұл не? Өмірдің жақсарғаны ма, жаңа отбасылық салт па, әлде неоисламизм бе? Қыз үшін берілетін қалың мал о бастан белгілі емес пе? Сонда «маһр» дегені не? Оның байыбына барып жатқан қыздар жоқ, ойлағандары алу ғана. Ертең жағдай өзгеріп жатса, далада қалмайық дегендері болар. Барған жеріне судай сіңіп, тастай батып жатса, оларды кім кемсітеді. Демек осы жерде бір кілтипан бар. Ана болудан басқа есептері де байқалады», - дейді ол.
Әнші маһр деген түсінікті енгізіп жүргендер қысқа балақтылар деп топшылаған.
«Асылы маһр - ислам, қалың мал - түріктік отбасылық дәстүрлер. Маһр осы кезге дейін болған емес, оны енгізіп жүргендер қысқа балақтылар болуға тиіс. Осы ретпен славян халықтарының қыз беру салтын қосуға да болады. Мысалы, орыс фольклорында патшаның қызын алған жігітке патшалықтың тең жарымын сыйға тартқан. Несі бар, үйінің төрт қабырғасында тізесін құшақтап отырып қалғаннан жақсы емес пе. Демек қызды құтты жеріне қондыру басты мақсат болған.
«Қыз мақсаты - кету дегенді атамыз қазақ та айтқан. «Қыз он беске толған соң» демекші, бой жеткен соң әке-шешесінің үйіне сыймайды. Жас қыз алған кәрі байлар оның әке-шешесін малға қарқ қылып, әлеуметтік жағдайын жақсартқан. Бірақ ешбір түріктік деректерде маһр кездеспейді», - деді әнші.
Кейіннен дәстүрлі әнші маһрдың тарихына бойлап, дарақылыққа айналған дәстүрді сынады:
«Исламдық көрсеткіштер бойынша маһрдың көлемі 500 дирхем, яғни 1487 күміс құрайды екен. Қазақстан діни басқармалары маһрды 30 мың теңгеден бастапты. Ұйғырларда қыз маһр сұрамайды, оған жігіт жағы береді. Оның көлемі 50 мың теңгенің шамасы. Біздегі қызға сырға салу секілді. Ал күйеуге тимей жатып қол жайып жүрген біздің қыздарымыздікі не қылық? Сүннит бағытындағы мұсылмандарда «маһр" деген мүлде болмаған. Сонда оң-солын танымайтын жас қыздардың айтып жүргені қай маһр? Исламның шеит, одан да әрі жатқан тармағынан болып жүрмесін-деді ғалым Тынысбек Қоңыратпай фейсбук парақшасында. Махр мен қалың малды айыра білесіз бе? Сіз не дейсіз, оқырман?», - деді Айгүл Елшібаева.
Сіздің реакцияңыз қандай?