Мәдениет министрлігі ЛГБТ насихатына қарсы петиция жөнінде шешім шығарды
ұл туралы "Қазақстанның ата-аналар одағы" бірлестігінің төрайымы, петиция авторы Бағила Балтабаева желідегі парақшасында хабарлады.
Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі "ЛГБТ пропагандасына қарсымыз" деген петиция бойынша түпкілікті шешімін айтты. Министрлік оны "жасөспірімдер мен балаларды жыныстық қатынастарды насихаттау мен культ қылудан қорғау, алшақтату талаптары" бойынша ішінара қолдады. Бұл туралы 6 тамызда "Қазақстанның ата-аналар одағы" бірлестігінің төрайымы, петиция авторы Бағила Балтабаева желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады Азаттық радиосы.
Министрлік жауабында балаларға жасалған жыныстық сипаттағы қылмыс саны өсіп жатқанда петициядағы талаптар "өзекті және қажет" деді. Министрлік "зерттеулер мен талқылаулар қазір осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, мәселені жан-жақты зерттеп, оны реттеу бойынша нақты әдіс дайындау керек екенін көрсетті" деп жауап берген.
1 тамызда арнайы комиссия осы петиция авторларының талабын жария түрде талқылаған. Ақпарат және мәдениет министрлігінің өзі сол кезде-ақ петицияны ішінара қолдаған еді.
Петиция авторы Бағила Балтабаева "18 жасқа дейінгі балаларға азғындықты насихаттайтын кез келген контент бұғатталады. Кітапхана, кинотеатр, әлеуметтік желілер, қайсысы болса да, тыйым салынады! Алдағы уақытта жұмыс тобы құрылып, заң шығатын болады!" деп жазды. Алайда мәдениет министрлігі жіберген хатта бұл туралы нақты жазылмаған. 31 шілдеде БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңес сарапшылары Қазақстан үкіметіне үндеу жасап, бұл петицияны қабылдамауға шақырған. Ұйым "бұл Қазақстан қабылдаған халықаралық құжаттар кепілдік беретін пікір айту еркіндігі, заң алдындағы теңдік тәрізді адам құқықтарына қайшы" деп мәлімдеді. Балтабаева Біріккен Ұлттар Ұйымы үндеуіне қарсылық білдірген.
Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы "бұл петиция қолдау тапса, елде азаматтардың еркіндігіне қауіп төнеді" деп айтқан. Ұйым бұл ұсыныс Ресейдің репрессиялық заңдарын қайталауы мүмкін деп те қауіптенеді.
"Феминита" бастамасының белсенділері "Қазақстанда ешкімді ешқандай петиция негізінде кемсітуге болмайды. Бұл петиция ЛГБТ өкілдерінің құқығын өрескел бұзады" деп есептейді.
Сіздің реакцияңыз қандай?