Лондондағы қазақ дипломаттарының 5,9 млн доллар қарызын кім төлейді?
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Лондонда ақылы жолдармен жүргені үшін ақша төлемеген елшілік қызметкерлері туралы пікір білдірді, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Бұған дейін кейбір БАҚ беттерінде Лондон мэриясының бақылауындағы британдық Transport for London (TFL) мемлекеттік компаниясы 20 жыл бойы ақылы жолдармен жүргені үшін ақша төлемеген қарыз елшіліктердің тізімін жариялағаны туралы ақпарат тараған еді. Бұл тізімде Қазақстан дипломаттары да бар болып шыққан. Ал жалпы шет мемлекеттердің елшіліктерінің жалпы қарызы - 145 млн фунт болған.
Тізімнің басында 14,6 млн фунт қарызбен АҚШ тұр. Одан кейінгі елдердің қарызы мынадай: Жапония — 10 млн фунт, Үндістан — 8,5 млн фунт, Нигерия — 8,4 млн фунт, Қытай — 7,9 млн фунт, Ресей — 6 млн фунт, Польша — 5,2 млн фунт, Гана — 5 млн фунт.
Қазақстан тізімде 9-орында тұр. Қарызы – 4 652,755 (шамамен 5,9 млн доллар) фунт.
Айбек Смадияров өз жауабында бұл қарызды Қазақстан тарапы төлемейді дегенге келтіреді.
«Transport for London мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып, ақпарат құралдарында шетелдік елшілік қызметкерлері Лондонның орталығына кіргені үшін алым төлемегені туралы деректер 2003-2023 жылдар аралығында қаражатты қамтитынын хабарланған. 2003 жылдан бастап британ астанасының орталығына (көлікпен) кіру үшін төлем енгізілген. Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің ғимараты Лондонның орталығында орналасқан. Онда жүргізушілер жұмыс күндері сағат 7:00-ден 18:00-ге дейін, ал демалыс әрі мереке күндері сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін кіру үшін 15 фунт төлеуі керек. Яғни, елшілік қызметкерлері өз аумағына баруына төлем салынып отыр», - дейді ол.
Халықаралық Вена конвенцияға сүйенген Смадияров Лондондағы шетелдік дипломатиялық корпустың – сол аумақтағы елшіліктердің жалпы пікірі бойынша бұл төлем жергілікті салық ретінде саналатынын айтады. 1961 жылғы Дипломатиялық қарым-қатынас туралы Вена конвенциясында көрсетілгендей, дипломаттар жергілікті салықтан босатылған. Смадияров Лондондағы компания жариялаған ақпарат аталған алым-салыққа қатысты екенін, осы қаражат жол ережесін бұзғаны үшін төленетін айыппұлға жатпайтынын нақтылады.
«Басқа да елшіліктер оны төлейміз деп шешсе, онда біз де осы жағын қарастырамыз. Жалпы, аталған конвенцияға сәйкес, дипломаттар салық төлемеуі керек. Бұл өз кезегінде айыппұл емес, салық ретінде қарастырылған. Осы ретте, Қазақстан ғана емесе, бірқатар елдің елшіліктері сол аумақта шоғырланған. Басқа да елшіліктер бұл алымның заңсыз екенін айтып отыр», - деді ресми өкіл.
Сіздің реакцияңыз қандай?