«Көлтөбеге айналған – Ақтөбе»: Қызыл суға қарсы келген тұрғындар не дейді
Суымызды сүзіп ішіп, өз малымызды жеп жатырмыз. Үкіметтен де, басқадан да көмек жоқ.
Биылғы көктем кей өңірлердің халқы үшін жайсыз басталды. Жыл сайын суға кететін қалалар қатарын осы жылы Ақтөбе толықтырды. Ал жергілікті билік әдеттегідей тасқынға дайын болмай шықты. Нәтижесінде қаланы да, даланы да қызыл су басты. Соңғы деректерге сүйенсек, Ақтөбе облысында 753 тұрғын үй, 10 әлеуметтік нысан, саяжайдағы 99 үйге су кірген, - деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
10-нан астам өзен арнасынан асты. Елек, Жем, Торғай, Ырғыз, Ойыл, Қарақобда, Үлкен Қобда, Темір, Тамды, Қауылжыр, Ор өзендері көтеріліп, ауылдарды су басқанда 5 аудан және облыс орталығы Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланды. Салдарынан 753 тұрғын үй, 10 әлеуметтік нысанды су басты.
«187 аула мен 99 саяжай үйі зақымданды. Су тасқынына қарсы шараларға жеке құрамның 3 мыңнан астам қызметкері тартылды. Оның ішінде Маңғыстау облысының 52 қызметкері және Төтенше жағдайлар министрлігінің қолдауымен Алматы қаласынан келген 20 құтқарушы бар. 647 техникадан бөлек, іздестіру-құтқару жұмысына Қорғаныс министрлігінің алты тікұшағы жұмылдырылды. Су тасқыны салдарынан 6908 адам қауіпсіз орындарға көшірілді», — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір тұрғындарының айтуынша, мұндай қиын жағдай бұрын-соңды болмаған.
«Мұндай қауіпті тасқын 1998 жылы болды. Оның өзінде үйлерді су алатындай жағдайға жетпеді. Су ауылдың іргесіне дейін іркіліп келетін, әрі кетсе шет жақта орналасқан үйлердің қора-қопсысына кіретін. Кешегідей қауіп туғанда тіпті ауыл ақсақалдары айтарға сөз, шығарарға шешім таппады. Бәріміз тек бір Құдайдан тіледік. Адам тіршілігін жасар, топан су келе қалса төрт аяқты мал қайтпек? Малым жанымның садақасы деп бәріміз ауылда осы төрт түлік үшін ғана отырмыз. Бір сілкініп қалдық. Халықтың арқасында тасқынға қарсы құм толы қаптар қойып аман қалдық», - дейді Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Аралтөбе ауылының тұрғыны.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ауыл тұрғынының айтуынша, ұйқысыз түндер ендігі артта қалған.
«Жан-жақтан су келгенде күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдық. Түнде құстардың мазасыздана ұшқаны үрейдің үстіне үрей жамады. Қарғалардың қатты қарқылдағаны қорқынышты болды. Елмен көреміз деген бір ой ғана жанға демеу болды. Құжаттардың барлығын жинап, отбасымды қауіпсіз аймаққа жіберіп сақтық шараларын өз бетімше жасап кеттім. Соңғы ойым үйдің төбесіне шығып бақылап отыру болды. Малды айдайтын құрғақ жер жоқ, жан-жақ айнала ақ су. Соңғы кезде адамдар көп ысырапшылдық жасап, өзара келіспеушілік пен күндестікке жол беріп жүр. Құдайдың кепетіне де ұшырадық па деп ойладым. Қазір ауылымызға төніп тұрған тікелей қауіп жоқ. Ресейден ағын су келмесе деп отырмыз».
Ал сол күні үйде жалғыз болған студент Арайлым үшін бұл түн бітпестей көрінген. Өйткені қала әкімі Азамат Бекет Ақтөбе су қоймасында болған судың көлемі бір тәуліктің ішінде 150 миллион текше метрге көбейгенін айтып дабыл қаққан еді. Су қоймасы мұндай көлемді суды сыйғыза алмайтынын ескертіп, қалаға түгел қауіп төніп тұрғанын жеткізді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Қала әкімі Елек, Қарғалы өзені мен Кірпішті көпіріне жақын орналасқан бау-бақша тұрғындарына эвакуацияға келісім беріп, үйді бостуды сұрады. Ал мен сол маңайдың тұрғынымын. Анам медицина қызметкері болғандықтан, күні-түні жұмыста болды. Әкем де сол уақытта басқа қалада жұмыста еді. Алғашында не істерімді білмей абдырап қалдым. Кейін есімді жиып үйдегі заттарды жинай бастадым. Байлаулы тұрған итті шешіп, өз үйімді тастап туысыма кетіп қалдым. Ол жақта да байыз тауып отыра алмай, алаңдаумен болдым. Су үйдің артқы жағына дейін келіпті. Кейін көше тұрғындары шығып судың бітелген арнасын ашып, ағысын үйлерден далаға бұрып жіберді. Осылай қауіптің бетін халық өзі қайтарды».
Қала тұрғынының айтуынша, қысылтаяң сәтті пайдаланып құйтырқылыққа барғандар да жоқ емес екен. Халықтың үйлерін тастап кетіп жатқанын естіген ұры-қарылар ұрлыққа түсіп, онсызда шошынған жұртты әбден ашындырған көрінеді.
Ақтөбе облысындағы жағдай жоғарыдағы екі тұрғынның басындағыдай барлығынан жай ғана қорқыныш болып өте шыққан жоқ. Мәселен, Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Екпетал ауылы түгел суға кетіп тұтас ауылдың тұрғындары бір-ақ күнде баспанасыз қалды. Олардың бірі ауылдағы балбақша төбесінен шаңырақтарының ортасына түскенін өз көзімен көрген. Адам шығыны болмағанымен, кейбірінің қорадағы малы тірідей тұншығып өлді. Оған дәлел әлеуметтік желіде тараған Ханторы жүйріктің видеосы. Тіпті құтқаруға келген тікұшақ қонатын жер таппайтындай қиын жағдай болды.
@_demeuova_gauhar
Сегіз баласын туыстарына жағалатып жіберген Марат Тайлақбаев есімді азамат жағдайын төмендегідей баяндады.
«Азф-6 бау-бақша ұжымында тұрамын. Біз 25 наурыз суға кеттік. Ал 28-і күні сегіз баламды туыстарға апардым. Төрт баланы бір үйге, төрт қызды бір үйге орналастырдым. Босып жүрміз. Бүгін біреуден қайық сұрап, үйді қарап келдім. Заттың бәрі жүзіп кеткен. Басында үй ішіндегі су белуардан келді. Қазір тізеден келеді. Шығын есептейтін жағдайда жүрген жоқпын. 2019 жылы екі бөлмелі үйі бар бау-бақша аумағын сатып алдым. Жанына үш бөлме қосып, газ кіргіздім. Пәтер жалдай да алмаймыз. Ешкім сегіз баламен пәтерін бізге жалға бермейді», - деді тұрғын Марат Тайлақбаев.
Ел басына күн туса халықтан жылу жинау тұрақты үрдіске айналғалы қашан. Осы орайда Ойыл ауданының тұрғыны Айбек Қуанышқалиев ақша жинау болғанымен, көмек көріп жатпағандарын айтып, ешкімге қаржы жібермеуді өтініп сұрады.
«Дәл қазір Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Қаратал ауылында тұрмын. Бізге ешқандай көмек келіп жатқан жоқ. Ешкімге ақша жібермеңіздер, оның бәрі алаяқтардың қалтасына түсіп жатыр. Суға кеткен үй көп. Жарықсыз, жылусыз отырмыз. Суымызды сүзіп ішіп, өз малымызды жеп жатырмыз. Үкіметтен де, басқадан да көмек жоқ. Сол үшін осы жағдайда пайдаланып ақша жинап отырған алаяқтарды бекер байытпай-ақ қойыңыздар».
Үкімет пен жергілікті әкімдіктен қазір көмек болмай жатқанына дәнекерлеуші Айбек Қуанышқалиевтің осы сөздері дәлел. Әйтсе де, атқа мінерлер оқиғаның себебімен күресе алмаса да, салдарын жоюға үйіп-төгіп уәде беріп отыр. Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек беріледі. Тек алдымен су кірген үйдің санын және бүлінген мүлікті түгендеу қажет.
«Комиссия Ақтөбе қаласындағы екі аудан әкімдіктерімен бірге дүйсенбіде аумақтарды аралау жұмыстарын бастайды. Әзірге су басқан саяжай аумақтарына кіру мүмкін болмағандықтан суға кеткен үйлердің нақты саны шығарылған жоқ», — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Ал төтенше жағдай жариялаған Әйтеке би ауданында есептеу жұмысы екі күнде аяқталады деп жоспарланған.
Қазіргі кезде комиссия су кірген үйлерді аралап жүр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сіздің реакцияңыз қандай?