«Қазақтарды орыстар соғыста даланы минадан тазарту үшін пайдаланған»» - тарихшы
Ол әскерге мылтық жетпегені былай тұрсын, тіпті тапанша да, қылыш та жетпеген. Сол әскерді Украинаның Харьков қаласының түбінде немістің танк дивизиясына қарсы қойған.
Тарихшы, ауған соғысының ардагері Сұлтан Хан Аққұлұлы екінші дүниежүзілік соғыста қазақтарды қауіпті ұрыс алаңдарына әдейі жібергенін, кемсітушілік болғанын айтты.Бұл туралы ол «Қасқа жол» You Tube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Екінші дүниежүзілік соғыста сарбаздар арасында кемсітушілік болған. Қазір әлеуметтік желіде осыған қатысты ақпарат шықты. Кеңес армиясы қатарында дәрігер болып жүрген қазақ азаматына бір күні бір жігіт келіп, сенің жерлестерің келді деп айтыпты. Ол жүгіріп барса, бір ауыз орысша білмейтін, ешқандай әскери дайындығы жоқ Ақмола облысының бір ауылынан келген қазақ жігіттер екен. Ертеңіне жаңағы қазаққа орыс жігіт сенің жерлестеріңді етке жібердік деп айтқан. Сөйтсе жаңағы бір топ қазақ жігітін мина толы алаңға айдап жіберген. Міні, қазақ әскерлерін даланы минадан тазарту үшін пайдаланған. Екінші бір оқиғаны өзім зерттегем. Ақмола қаласында жасақталған 106-шы атты дивизия. Оның құрамындағы 10 мың жауынгердің 80-90% қазақтар. Ол әскерге мылтық жетпегені былай тұрсын, тіпті тапанша да, қылыш та жетпеген. Сол әскерді Украинаның Харьков қаласының түбінде немістің танк дивизиясына қарсы қойған. Сонда неміс дивизиясының командирі жазған естелік бар. Естелікте ол мен автокөлігіме отырып, соғыс болған алаңды көрейін десем, ат пен адамның өліктерінен жүре алмадым деп жазған. Екінші дүниежүзілік соғыста біз ауыз толтырып мақтанатындай ештеңе жоқ. Қазірдің өзінде Ресей Украинадағы соғысқа кімдерді жіберіп жатыр? Саха, буряттарды, якуттарды, қазақтарды жіберіп жатыр. Сөзбе-сөз екінші дүниежүзілік соғыстағы жағдай қайталанып отыр. Ауғанстанды алатын болсақ, ол соғыста да алғашқы жылдары тек түркі мұсылман халықтарын жіберді», — дейді тарихшы.
Ауған соғысының ардагері екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ батырларына лайықты құрмет көрсетілмегенін де айтты.
«Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбайұлы, Сұлтан Баймағамбетов секілді батырларға Кеңес Одағы батыры атағы кешіктіріліп берілді. Екінші дүниежүзілік соғыста 150-200 неміс жауынгерін атқан қаншама қазақтың мерген азаматтарына не бір орден, не бір медаль берілмеген», — дейді Сұлтан Хан Аққұлы.
Сіздің реакцияңыз қандай?