Грузия парламенті президент ветосына қарамастан «шетел агенті» туралы заңды қабылдап жіберді
Грузия парламенті 28 мамырдағы дауыс беру нәтижесіне сай, бұған дейін "Шетел ықпалының ашықтығы туралы" заңға ел президенті қойған ветоны еңсерді, деп жазады Азаттық радиосы.
Бұл заңды сынайтындар осы құжатты Ресейдегі "Шетел агенті туралы" заңның көшірмесі деп санайды.
Енді заң жобасы қайтадан президентке қол қоюға жіберіледі. Егер ол қол қоюдан бас тартса, парламент төрағасы бес күн ішінде заңға қол қойып, жариялай алады.
Жаңа заң биыл маусымның басында жариялануы мүмкін. Заңға сәйкес, билік тамызға дейін заң актілерін қабылдап, жариялауға тиіс, ал Грузия әділет министрлігі мен ұлттық қоғамдық тізім агенттігі "осы заңды орындау үшін алдын ала материалдық-техникалық және басқа да шараларды" өткізуі керек.
Алдын ала ақпарат бойынша, тамыздан бастап 2023 жылы қаржы көзінің 20 пайызынан көбін шетелден алған БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдар бір ай мерзім ішінде "шетелдік күштің мүддесін жүзеге асырушы ұйымдар" ретінде әділет мекемесіне тіркелуге өтініш тапсыруы керек. Әйтпесе оларға айыппұл салынады. Әділет министрлігі мұндай ұйымдарды анықтау және заң талаптарын орындалуын тексеру үшін кез келген уақытта мониторинг жүргізе алады, ал уәкілетті шенеуніктің қажет ақпаратты, оның ішінде дербес деректерді алуға құқығы бар.
Грузия қоғамында дау туғызған жаңа заң парламентте дауысқа қойылған кезде оған қарсы адамдар ауқымды наразылық акциясын өткізді. Парламент алдына көп адам жиналып, депутаттарға қарата "құлдар" деп айқайлады деп жазды "Эхо Кавказа" сайты.
Грузиядағы билік партиясы бұл заң жобасын былтыр да ұсынған. Бірақ екі күнге жалғасқан жаппай наразылықтан соң құжатты қайтарып алған еді.
Биыл билік елдегі мыңдаған адамның наразылығына, Грузияның халықаралық серіктестерінің, оның ішінде Еуроодақ ұстанымына қарамастан даулы заң жобасын қайтадан парламент қарауына ұсынды. Батыс елдері Ресейдің "Шетел агенті туралы" заңына ұқсас құжат Еуропа одағына ұмтылған елдің жолындағы кедергі болатынын ашық айтты. АҚШ осы заңға байланысты Грузиямен қарым-қатынасын қайта қарайтынын, екі ел арасындағы визасыз режимге шектеу қоятынын хабарлады.
Сіздің реакцияңыз қандай?