«Ертісбаевтан моральдық өтемақы өндіріп аламын»: Айтбек Амангелді экс-министрден кешірім сұрауын талап етті
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді саясаткер Ермұхамет Ертісбаевтан ресми түрде кешірім сұрауын талап етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әңгіме Айтбек Амангелдіге қатысты «қозғалған қылмыстық іс» туралы. Ертісбаев youtube-арнасында Айтбек Амангелдіге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтқан болатын.
«Сіздер үшін сенсация емес шығар, бірақ Ертісбаев - өтірікші. Маған қатысты «жалған ақпарат таратқаным үшін қылмыстық іс қозғалғаны туралы» мәлімдемесін көрген боларсыздар. Мен ІІМ және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Астана қаласы бойынша департаментіне жүгініп, маған қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы ақпарат берулерін сұрадым. Жалпы бұл іс бойынша процессуалды мәртебе бар-жоғын білгім келді. 10.06.2024 жылғы жағдай бойынша «арнайы есепке алу» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес маған қатысты қылмыстық іс жоқ болып шықты. Егер Ертісбаевтың айтқаны рас болса, мені кем дегенде жауап алуға шақыртар еді», - дейді Айтбек Амангелді.
Айтбек Амангелді Ертісбаев айтқан ақпараттарды теріске шығарып, ресми түрде кешірім сұрауын талап етті.
«Егер олай істемесе оның іс-әрекеттеріне қатысты ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы талап арыз жіберіледі. Сонымен қатар, полицияға арыз жазамын. Қосымша моральдық өтемақы өндіріп аламын. Жалпы Ертісбаевтан 24 сағаттың ішінде жауап күтемін», - деді Айтбек Амангелді.
Сіздің реакцияңыз қандай?