«Елдоспен бірге жұмыс жасауыма қарсы адамдар болды»: Елдос Сметовтің бапкері біраз құпияның бетін ашты

Ол кішкентайынан өзі ызақор еді. Мен оны әдейі ызаландыратынмын.

Тамыз 1, 2024 - 16:56
Тамыз 1, 2024 - 18:13
«Елдоспен бірге жұмыс жасауыма қарсы адамдар болды»: Елдос Сметовтің бапкері біраз құпияның бетін ашты

Күні кеше ғана Париж Олимпиадасында Қазақ еліне алтын жүлде алып берген дзюдошы Елдос Сметов кішкентайынан ызақор болған. Бұл туралы Елдостың жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев YouTube каналдардың біріне берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

Бапкерінің айтуынша, кез-келген азаматтың бойында мұндай мінез болуы керек.

«Елдос жаттығу кезінде қаншама жарақат алды. Бірақ оған қарамайтын. Мен оған әрдайым «Елдос, ештеңе етпейді, демал», деп отыратынмын. Сондай-ақ біз мимен көп жұмыс істедік, психологиялық тұрғыдан дайындалдық. Елдосқа үнемі тек бағыт-бағдар бере алатынымды, кеңес айта алатынымды жеткіздім, ал күрескен кезде «сен өзіңнің миыңды қосып күресесің» дейтінмін. Мен оның ішкі жай-күйін әрдайым оятатынмын. Ол кішкентайынан өзі ызақор еді. Мен оны әдейі ызаландыратынмын. Менің көз алдымда өсті. Адамның бойында ол қасиет өмір-бақи қалып қояды екен. Мен оның ішіндегі осы қасиетті оятсам, сонда ғана күреседі. Сондықтан мұндай мінез болуы керек», - дейді Ғалымжан Жылгелдиев.

Бапкер өз сұқбатында Елдостың жеңіс жолы оңай болмағанын айттып өтті. Сондай-ақ, шәкіртінің жолында үлкен кедергілер болғанын да жасырмады.

«Екі жыл бұрын федерация бізге Франциядан мамандарды алып келді. Мен арнайы барып жаттығу барысын көрдім. Бірақ, менің бағдарламама келіңкіремейтінін байқадым. Сосын Елдосқа «француздардың жұмысы ұнаса, солармен жеңіске жетемін десең, менің қарсылығым жоқ, дайындал», дедім. Бірақ Елдос «аға, мен сізбен дайындаламын. Сіздің программаңызбен қанша жеңіске жеттік, бұл белесті де еңсереміз», деді. Алайда біздің Елдоспен бірге жаттығуымызға қарсы адамдар көп болды», - дейді бапкер.  

Аға, Елдостан чемпион шығарыңыз!

Бұл қиындықтан Ербол Мырзабосынов алып шығады. Елдостың өзімен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік жасап береді. "Аға, Елдостан чемпион шығарыңыз!", - деді.

Осындай қысылтаяң шақта араға ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов түседі.

«Ербол Қуантайұлына құрметім ерекше. Мен бұл кісіні сырттай білгенім болмаса, бірге жүрген емеспін, жақын танымаймын да. Алдымыздағы кедергілерді алып тастады. «Ғалымжан, сізге не керек, қандай көмегім қажет» деп жүріп, Елдосты бөлек шығарып, өзіме берді. «Аға, сізге сенеміз, Елдостан чемпион шығарыңыз», деді. Мен оған «маған сенім артсаңыз, бар күшімді саламын, сенімді ақтаймын», дедім», - дейді ол.

Айтуынша, олимпиадаға барудың өзінде белгілі деңгейде қиындықтар туындайды. Осылардың барлығын да Мырзабосынов мырза реттеп береді. 

Елдос - эксперимент емес

Ғалымжан Жылгелдиев Сметовтің бұл жолғы Олимпиададағы физикалық дайындығына баса көңіл аударғанын айтты.

«Физикалық дайындық күреске лайықты болуы керек. Мен бұл жағына көп көңіл бөлемін. Қол мен білектің күші, белдің мықтылығы, жылдамдық, бәрін қамтитындай физикалық жаттығу мығым болуы шарт. Менің бағдарламам эксперимент емес, талай жылдан жинақталып, заманға сай түрленіп, әбден орныққан бағдарлама», - дейді ол.

Бапкер Елдосты баласындай көретінін жасырмады.

«Біз әр қадамды ақылдасамыз. Оған туған баламдай бараймын. Біз бала мен әке деңгейінде араласамыз. Керек кезде құшағымды да жаямын, ұрсатын жерде ұрсамын. Сүйектен өткізіп тұрып айтамын. Елдос соның бәрін тыңдап, құлақ асады», - дейді бапкер.

Ғалымжан Жылгелдиев Елдостың ендігі жолы қалай бағытталарына қатысты ойын жеткізді.  

«Менің ойымша, Елдос спортта жүруі керек, күрестен алыстамауы керек. Соңынан ерген жастарға білгенін үйретуі керек», - дейді  Жылгелдиев.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow