«Болашақ» түлектеріне шетелде жұмыс істеуге рұқсат беріле ме?
Ғылым және жоғары білім министрлігі «Болашақ» стипендиясын алу ережелеріне өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Тиісті қаулы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жаңашылдықтарға мотивациялық эссе, мамандықтар тізіміне өзгертулер енгізу және сынақтарды қайта тапсыруға рұқсат беру кіреді.
Алғашқы өзгерістердің бірі «Болашақ» бағдарламасына үміткерлердің стипендияға өтініш беру себептерін түсіндіретін мотивациялық эссенің енгізілуі болды.
«Еркін нысанда жазылған, көлемі 500 сөзден аспайтын мотивациялық эссе, онда кандидат таңдалған ЖОО-ны және оның осы саладағы артықшылықтарын, стипендия алу қажеттілігін және таңдалған бағыт бойынша алынған білімнің күтілетін нәтижелерін және оларды практикада одан әрі қолдануды негіздейді», делінген жобада.
Сонымен қатар медициналық анықтама беру қажеттілігі алынып тасталады. Сондай-ақ құжатта мамандықтар тізбесінің орнына «басымды бағыт» деген жаңа ұғым енгізілген.
«Бұл мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басымдықтарына неғұрлым дәл сәйкестік, сондай-ақ ел үшін неғұрлым өзекті болып табылатын негізгі бағыттарға назар аударуды күшейту мақсатында жасалады. Бағыттарды таңдаудың жаңа тетігін ОМО ұсынымдары негізінде республикалық комиссия және жұмыс органы бекітетін болады. Бұл ресурстарды инженерлік және техникалық ғылымдар, медицина, әлеуметтік ғылымдар, су және жер ресурстары және т.б. сияқты мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар бағыттарға шоғырландыруға мүмкіндік береді», делінген құжатта.
Сонымен қатар магистратура, докторантура және PhD докторантурасына Split PhD дәрежесін қосу, сондай-ақ магистратураға дейінгі дайындықты алып тастау ұсынылады.
«Болашақ» бағдарламасындағы басты өзгеріс - түлектерге шетелде жұмыс істеуге мүмкіндік берілуі мүмкін.
Сіздің реакцияңыз қандай?