«Біздің ұрпақ әлеуметтік катаклизм салдарын әлі тартып келеді» - тектанушы

Тамыз 12, 2024 - 16:50
Тамыз 12, 2024 - 16:51
«Біздің ұрпақ әлеуметтік катаклизм салдарын әлі тартып келеді» - тектанушы

Басқа ұлттан тек қауіп күту – гендік жадта қалып қойған үрей. Халықтың коллективті түпсаналық жарақаты. Тектанушы, психолог Әлия Сағымбаева өзге елдің азаматына жатырқай қарайтын отандастарымызға осылай деп анықтама берді.

Azattyq Rýhy тілшісі қазақтың түп тамырын зерттеп жүрген кәсіби маман Әлия Сағымбаевадан «неге қазақ қоғамы түр-әлпеті өзіне ұқсамайтын бөтен ұлтты бөлектеп тұрады?» деген сұрақ қойды. Жасыратыны жоқ, тіпті «жерімізге көз салмақ, қызымызға құда түспек» деген пікірді жиі естіп жатамыз. Тектанушы мұны ата-бабамыздың бойында қалған қорқынышпен байланыстырады.

«Біз отарлау саясатын көрген халықпыз. Отарлаушылар басқа ұлттың адамдары еді: келді, сулы-нулы жерімізді иемденді, қазақтарды жерінен, малынан айырды, көнбегенді атып тастады. Ата-бабамыз талай қасіретті бастан өткерді. Міне осыдан кейін біздің ұлттық жадымызда «басқа ұлт – жаман» деген көзқарас сақталды. Қазір мейлі ол испандық болсын, мейлі америкалық болсын, ұлты басқа болса үрке қарайтын себебіміз содан. Мәселен, өзім психологияны білмей тұрғанда қытайларды ерекше жек көрдім. Менің атам НКВД жендеттерінен қашып Қытайға барғанда, оны өлтіріп тастаған. Әжем де кеңестік биліктен қашып, Қытай асқан, бірақ ол жақта да қуғын көріп қайта Қазақстанға қашқан. Қытай десе әжемнің төбе шашы тік тұратын. Өмір бойы «қу қытай» деп өтті. Даладан қатты гүрілдеген техниканың дауысын естісе «қытай келе жатыр» дейтін. Мен соны естіп өскен ұрпақпын, мен қытайды қабылдаймын ба? Жоқ. Содан 1969 жылы Қытай мен КСРО шекарасында қақтығыс болды. Анам ауруханаға алып барған сәт. Бір кезде шекарашылар тиелген машиналар ағылып өте бастады, басынан оқ тиіп қансырап жатқан командирді көрдім. «Соғыс», «қытай» деген ұрандар естілді. Сондағы кішкентай менің бойыма қатты үрей орнады. Кейін медиа құралдары арқылы күшті пропаганда жүрді. Совет одағы қытайды сұмпайы етіп көрсетуді жақсылап қолға алды. Киноға барамыз ғой, сонда фильмді көрсетудің алдында «қытайды жамандайтын». Міне, осындай қатты үгіт-насихаттың әсерінен қытайға деген қорқынышымнан күні кешеге дейін арыла алмадым. Бірақ психологияға ден қойып, бойымдағы үрейді өшіре бастадым. Қазір Қытай мемлекетіне, ұлтына деген жек көрушіліктен арылдым. Алдымнан мәдениетті, білімді қытай ұлтының азаматтары кездеседі. Халықтың бойындағы қорқынышты жою үшін коллективті түпсанамен жұмыс істеу керек. Оны мемлекет қолға алу керек. Ресейде болған семинарлардың бірінде Германиядан келген ғалымдардан «Неміс халқы екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемнің алдында кінәлі сезіну сезімінен қалай арылды?» деп сұрадым. Олар «бізде мемлекеттік деңгейде халықты коллективті психологиялық емдеу, жан жарасын жазуға арналған бағдарлама жазылып, іске асты» деп жауап берді», - деді ол.

Тектанушының сөзінше, қазақ халқы ХХ ғасырда көрген аштық қасіретінен әлі де арылған жоқ. Осы сөзден кейін биік мінберде отырса да, халықтың қамынан гөрі қарынның қамын көбірек ойлайтын, аш, жемқор шенеуніктердің күнде біреуі ұсталып жатқанына да жауап тапқандаймыз.

«1917 жылы ақтар мен қызылдарға бөліндік, азаматтық соғыс, байларды «кәмпескелеу» басталды. 1920 жылдары ашаршылықтың бірінші толқыны, 1930-32 жылдары екінші толқыны келді, зиялы қауым өкілдерін қудалау жүрді, атты, асты. Одан басын көтере берген қазақ Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретіне тап болды. Ол әрбір әулетке, әрбір текке әсер етті. ХХ ғасырда біздің бабаларымыз психологиялық көмексіз қалды.  1917 жылға дейін психологиялық көмекті кім көрсететін еді? Олар: сопылар, молдалар, имамдар, ақсақалдар, абыздар. Жастарға жол көрсететін, салт-дәстүрімізді темірқазық етіп тәрбиелейтін. Азаматтық соғыс жылдарынан кейін гендік кодты сақтаған 70-тен асқан ақсақалды ақырындап Сібірге айдай бастады. Сөзіме нақты дәлел болар құжатты тапқан жоқпын, бірақ бірталай тарихшы осыны айтты. Кеңес одағы коммунистік моральді сіңірді. Иә, ол идеология адамзатқа тән жақсы қасиеттерді насихаттаған шығар, бірақ біз ұлттық құндылығымызды жоғалта бастадық. Соның салдарын әлі күнге дейін тартып келеміз. Біздің ұрпақ әлеуметтік катаклизмдердің ұзақмерзімді салдарын тартып келеді. ХХ ғасырда қазақтың көрген қиындығының салдарын жою үшін бізге де мемлекеттік бағдарлама керек, ұлттың жанын түсінетін мықты психологтар, кәсіби әлеуметтанушылар біріге жұмыс істеу керек», - дейді спикер.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow