«Біз кешірімді елміз»: Спорт министрі Черчесовтің қазақ тіліне қатысты әзіліне пікір білдірді
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Facebook парақшасында футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тіліне қатысты әзіліне пікір білдірді, деп хабарлайды Sadаqmedia.kz ақпарат порталы.
«Құрметті достар! Әрине, Станислав Черчесовтің «француз тіліне» қатысты қалжыңы орынсыз болды. Мұны Қазақстан футбол федерациясы да, бапкердің өзі де бек түсінеді. Дегенмен, Черчесовтің басты міндеті – ұлттық құраманы жаңа деңгейге шығару. Ендеше, оған ең алдымен кәсіби қызметіне қарап баға беруге шақырамын.
Біз қашаннан қонақжай, дархан мінезді, кешірімді елміз. Бізді мықты ел ететін де осы қасиеттер. Сондықтан мәселені одан әрі өршіте бермей, халқымызға тән кеңпейілдік танытқанымыз абзал.
Кез келген даулы мәселені ақыл-парасатпен шешетін толерантты, өркениетті, яғни дана қоғам екенімізді көрсете білейік», - деп жазады министр.
Ведомство басшысы өз сөзінде ресейлік бапкер тәжірибесі мол маман екенін айтып өтті.
«Станислав Черчесов – халықаралық деңгейдегі танымал футболист әрі 20 жылдық тәжірибесі бар кәсіби жаттықтырушы. Сондықтан ол түбінде қазақстандық жанкүйерлердің сенімін ақтап, ұлттық құраманы қазіргі күрделі кезеңнен абыроймен алып шығады деп сенемін.
Бәріміз мүддесі ортақ футбол жанашырлары ретінде бір-бірімізді қолдап жүрейік!» - дейді Ербол Мырзабосынов.
Сіздің реакцияңыз қандай?