«Біреуі полиция қызметкері»: Батыс Қазақстанда жантүршігерлік жол апатынан бес адам қаза тапты

Марқұм полицей мен жұбайының артында бес баласы қалды.

Тамыз 24, 2024 - 16:39
Тамыз 24, 2024 - 16:40
«Біреуі полиция қызметкері»: Батыс Қазақстанда жантүршігерлік жол апатынан бес адам қаза тапты

Батыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол апаты болып, бес адам қаза тапты.  БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәліметінше, оқиға 24 тамыз күні таңғы уақытта Казталов ауданы Жалпақтал ауылы тұсында болған.

"Анықталғанындай, „ГАЗ-3102“ автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, жол шетінде тұрған „КамАЗ“ автокөлігімен түйіскен. Салдарынан 4 адам мерт болып, үш адам ауруханаға жатқызылса, оның екеуі — балалар. Жол оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жол апаты салдарынан „ГАЗ-3102“ автоөлігінде жолаушы есебінде болған полиция қызметкері мен оның зайыбы көз жұмды. БҚО полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы марқұмдардың отбасылары мен тума-туысқандарына көңіл айтады", – деп хабарлады ведомстводан.

Хабарламаға сәйкес, марқұм полицей мен жұбайының артында бес баласы қалды. Көз жұмғандардың тағы біреуінің 7 баласы болған. 

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, 1982 жылғы екі ер адам және 1985 жылғы әйел оқиға орнында қайтыс болған. 1983 жылғы әйел ауруханада көз жұмды. Қазіргі уақытта ауруханада жатқан 2016 жылғы ұл баланың жағдайы өте ауыр. 2014 жылғы жасөспірім мен 1981 жылғы ер адамның жағдайы тұрақты дәрежеде ауыр. Дәрігерлер тарапынан барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow