Заманауи айтыс өнерінің арғы-бергі тарихында дәл қазір сенімен пардаласып, тізгін сүйеп, алдыңа түсіп тұрған пенде жоқ, Мұхтаржан, бір-екі ат құлағын теңестірген Бекарыс, Айбек, Балғынбек секілді, сөздері өтімді замандастарың болмаса. Негізі, «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген дұрыс тәмсіл. Әйтпесе, айтысқа жеңілемін деп шығатын жанды көрмедім, жұрттың бәрі ретін тауып жеңемін деп шығады. Жаратушы сенің сол қос тізгініңді тең ұстап тұр.
Кезекті бас жүлдең — бәйгең құтты болсын! Саған жар болып, жарылқамай жатқан өлі аруақ жоқ, өткенде Өзбекстанда, Әйтеке бидің тойында топ жарғаныңды көзіміз көрді. Ал, белгілі бір себеппен берілген жиында болса да ғой, өзіңдей қандауыз қақпанда мін болушы ма еді, тәйірі? Сен айтыстың шаршы алаңына шыққанда, қарсыласың кім болса да, «Сөзді әзілге бұрмай-ақ қойса екен…» деп іштей тілеп отырамын, шынымды айтсам. Білемін ғой, әзілкештікке келгенде теңкиген тай-тананы бұйым көрмейтін Сырдың ала мысығы — тұқымы баяғыда жойылып кеткен адам алатын адуын жолбарыс сияқты жон арқаң күжірейіп, кім болса да дөңбекшітіп олай бір сабап, ретін тауып былай бір лақтырып, ара-арасында тулақша тартып түте-түтесін шығарып, ақыры судан шыққан тышқандай етіп сүмірейтіп, сілкіп жіберетініңді. Көкірегіңе асыл сөздің нәрін құйып, таңдайыңа ерекше бояу жаққан Құдірет сутегі катионын да молдау қосып жаратқанына шүкір, кислота тәрізді, тиген жеріңді үңірейтіп, ойып жіберіп тұрсың. Негізі, қай жерде, қандай айтыс өтсе де бас бәйгені Мұхтар алатын сияқты болып тұрады. Қаласақ та, қаламасақ та, бүгінде елдің арасында осындай ассоциацияның бары рас.
Бірақ біз білетін сол Мұхтар қай бәйгесін де біреуге бірдеңе беріп алып жүрген жоқ, Жетес би атасы құсап «тілімен орап», жеңіп алып жүр! Десе де, білетін шығарсың, бұрынғы сейістер бәйгелі жүйрікті уақыты келгенде өздері тоқтатады екен. Кәнігі аңсақтар «Шелегім толды…» деп аңға шығуды амалсыз қояды деп естуші едік. Мұның сөз өнері — айтысқа қаншалықты деңгейде ара ағайындыққа жүретінін һәм қатысының бар-жоғын біліңкіремеймін. Әйтеуір, алдағы бес жылдықта жалығып өзің қоймасаң, болмаса алдыңнан бір жалманды бала кесе-көлденең шығып қалмаса, айтыс алаңында саған бөгесін болатын әзірге ешкімнің төбесі көрінбейді. Білегін көкке көтергенде «талайдың жүрегін зырқ еткізген, артқы жағын тырқ еткізген» Жылқаман атаң әбден үлкейген шағында, «Мына жарық жалғанда арманың болды ма?» дегенде, «Түтінін түтініне қостым-ау, бірақ дауысын дауысына қоса алмадым» депті ғой, тіпті дәретке отырса да қолынан түспеген Ақшолақ мылтығы жайында. Сенің қиялыңда қандай арманның қиқымы жүргенін қайдан білейін, қарағым. Біздікі тек тілекшілікпен айтылып жатқан ағалық гәптің есебі ғой. Қандай додаға түссең де қандауызың олжасыз болмасын, Ақмылтығым!
Белгілі жыршы Берік Жүсіптің
facebook парақшасынан