«Айыппұл - миллион»: Енді сахнада ішіп алып, «концерт қоятын» әншілер жазаланады
Мәдениет және ақпарат министрлігі азаматтар тарапынан түскен шағымдарды ескеріп, заңға түзету енгізбек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ведомствоға концерттік іс-шаралардың төмен сапасына, аталған концерт ұйымдастырушыларының жауапсыздығына, қазақстандық және шетелдік әртістердің шығармашылығының сапасына және тәртібіне қатысты мәселелер жиі жолданады.
Атап айтқанда, 2022-2024 жылдары шетелдік және отандық әртістердің қатысуымен болған жанжалды оқиғалар үлкен қоғамдық резонанс тудырды және әлеуметтік желілерде көптеген теріс пікірлер жазылады.
Қазақстандық орындаушыларға қатысты, 2022 жылы сахнаны қорлап, көпшіліктің алдында былапыт сөздер айтқан Ирина Кайратовнаның командасы мен Shiza деген атпен белгілі Асхат Жолшиев сынға қалды. Мемлекеттік рәмізге деген құрметсіздігі қоғамның ашуын тудырды. 2022 жылғы наурызда Семейде Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаеваның концертіне байланысты оқиға, Павлодарда танымал әртіс Төреғали Төреәлінің әрекеті дау тудырғаны белгілі.
Сондай-ақ америкалық орындаушылар Akon, 50 Cent-ке қатысты қызу талқы болды. Аталған оқиғалар шоу-бизнес өкілдерінің моральдық-әдептік мінез-құлқына қатысты көптеген пікір-талас тудырды.
Сондықтан көпшілік концерттік қызметті реттеуге қатысты заңнаманы жетілдіруді және әртістер мен іс-шараларды ұйымдастырушылардың жеке жауапкершілігін белсенді түрде талап етуде.
Ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу барысында көрермендермен қарым-қатынас кезінде әртістердің нормативтік емес лексиканы қолдану, алкогольдік ішімдіктерді ішу, алкогольдік және/немесе есірткілік масаң күйде болу, сондай-ақ психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының әсерінен орын алатын мінез-құлқын танытқаны үшін жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға айыппұл салынады, - делінген заң жобасында.
Министрлік жеке тұлғаларға 150 АЕК (553,8 мың теңге), заңды тұлғаларға 300 АЕК (1,1 млн теңге) көлемінде айыппұл салуды ұсынып отыр.
Бір жыл ішінде осындай бұзушылық қайталанса, жеке тұлғаларға 200 АЕК (738,4 мың теңге), заңды тұлғаларға 600 АЕК (2,2 млн теңге) көлемінде айыппұл салуды заңмен бекітеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?