Астанада көлемі жаңғақтай бұршақ жауып, көлік терезелерін қиратып кетті
Астана қаласының әуежай аумағында бұршақ жауып, көліктердің терезесі шытынады, кейбірінде сынып кетті.
Бұршақ сағат шамамен 17:50-18:00 шамасында жауды. Халықаралық әуежай маңындағы көліктер бір сәтке қозғалысты тоқтатып, жол жиегіне тоқтады.
"Мұндай бұршақты бірінші рет көріп тұрмын. Тауық жұмыртқасына жететін шығар көлемі. Енді көліктің алдыңғы терезесін ауыстыру керек. Сақтандыру компаниялары шығынды өтемейді. Ол осы алдыңғы терезенің түпнұсқасы 80 мың, көшірмесі 40-45 мың тұрады",- деді такси жүргізушісі.
Қатты бұршақтан кейін егде жастағы әйел мен бала медициналық көмекке жүгінген.
"Сағат 19:42-де ауа райының қолайсыздығынан (ірі бұршақ) жедел жәрдем қызметіне екі адам: 52 жастағы әйел мен алты жасар бала хабарласты", - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.
Қазір жедел жәрдем бригадасы зардап шеккендерді тексеріп жатыр. Департаменттің мәліметінше, қалалық ауруханалардың реанимация бөліміне түскендер жоқ.
Сіздің реакцияңыз қандай?