Елімізге Өзбекстан басшысы Мирзиёев сапарлап келді

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президентіне "Алтын Қыран" орденін табыс етті.

Тамыз 8, 2024 - 15:44
Тамыз 8, 2024 - 15:54
Елімізге Өзбекстан басшысы Мирзиёев сапарлап келді

Астанада Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев мемлекеттік сапармен жүр.

Шавкат Мирзиеевті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Астана әуежайында қарсы алды.  Алдымен Қазақстан мен Өзбекстан басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді. 
Келіссөз барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, инвестициялық, энергетикалық, аграрлық, су, мәдени-гуманитарлық салалардағы және өнеркәсіптік кооперациядағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Бұған қоса, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер қаралды.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының өте маңызды екенін атап өткен.

«Бұл сапар тарихи мәнге ие. Бүгінгі кездесуіміз екі халық арасындағы сан ғасырға жалғасқан достық және тату көршілік қатынастардың тінін нығайта түсіп, стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды жаңа деңгейге көтереді», – деді Шавкат Мирзиёев.

Мирзиёевтің ресми сапары барысында екі елдің мәдени байланысын арттыратын бірқатар мәдение шаралар өтіп жатыр.

Астанада өзбек халқының ұлы перзенті, ойшыл ақын Әлішер Науаидің ескерткіші ашылды. «Бұл қазақ жұртының өзбек халқына деген ерекше ықыласының белгісі. Әлішер Науаиді күллі түркі жұрты қадыр тұтады. Оның мұрасын барша адамзаттың рухани қазынасы деп санайды», - деді Тоқаев. 
Сондай-ақ Астанада Ташкенттің мәдениет күндері өтіп жатқаны белгілі. 
Іс-шаралар орталық саябақта өтіп жатыр. Мәдениет күндері аясында Ташкент әртістерінің қатысуымен жарқын концерттік бағдарламалар, ұлттық өнер және қолөнер көрмелері, отбасылық спорттық жарыстар мен ойындар, Ташкент және Өзбекстанның туристік мүмкіндіктерінің тұсаукесерлері ұйымдастырылады. Дәстүрлі өзбек тағамдары да сатылады, деп мәлімдеді жергілікті әкімдік.

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевті Қазақстанның ең жоғарғы мемлекеттік наградасы "Алтын қыран" орденімен марапаттады. 
Сондай-ақ мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёевті өзбек елінің нағыз көшбасшысы, халықаралық деңгейдегі саясаткер ретінде танитынын және құрметтейтінін айтты. Айтуынша ол екі халық арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері.

“Егемен ел ретінде даму жылдарында екі мемлекет арасында жан-жақты серіктестік пен стратегиялық одақтастық жолға қойылды. Берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Шекараны толықтай шегендеп алдық. Өзара сенімді саяси диалогтың арқасында біз сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды қарқынды түрде ілгерілетіп келеміз. Негізгі халықаралық құрылымдар аясында тығыз ықпалдастық орнаттық. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қазақ-өзбек қатынастары үлгі етуге тұрарлық әрі нағыз бауырластық деңгейде”, – деді Тоқаев.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев өзін Қазақстанның ең жоғарғы мемлекеттік наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен бауырлас қазақ халқына ризашылығын білдірді. 

Бұл марапатты екі халық арасында ғасырлар бойы жалғасқан шынайы достық және тату көршілік қатынастарды арттыруға қосқан бірлескен күш-жігерімізге берілген лайықты баға деп санаймын. Қазақстан біздің ең жақын, сенімді әрі уақыт сынынан өткен серіктесіміз, – деді Шавкат Мирзиёев.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow