Армения ҰҚШҰ-ны қаржыландырудан бас тартты

Маусым 10, 2024 - 17:32
Маусым 10, 2024 - 18:45
Армения ҰҚШҰ-ны қаржыландырудан бас тартты

Армения билігі Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) қаржы қоспайтынын мәлімдеді, деп жазады Азаттық радиосы. 

Ереван соңғы кездері ұйым жұмысына іс жүзінде қатыспай келеді.

"Армения ҰҚШҰ-ның 2024 жылғы бюджеті жөніндегі 2023 жылғы қарашадағы шешімге қол қоюды тоқтата тұрады, сондықтан келісімге қатысушы елдердің ортақ шараларын қаржыландыруды да доғара тұрады". Армения сыртқы істер министрлігінің өкілі Ани Бадалян 8 мамырда осындай мәлімдеме жасады.

Дегенмен Ереван ұйымға мүше елдердің келісім аясындағы міндеттерін атқаруына қарсылық білдірмейді. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіреді.

Бір жылдан астам уақыт бойы Армения ҰҚШҰ-ның жоғары лауазымды басшыларының жиындарына, әскери жаттығулар мен басқа да ортақ шараларға қатыспай келген. Армения премьер-министрі Никол Пашинян биыл ақпанда ұйым жұмысына қатысудан бас тартатынын айтқан.

Ұйымға мүше елдер Ереван ұстанымына назар салмаса, Армения оның құрамынан шығады деген пікірді Пашинян бірнеше мәрте айтты.

Өткен аптада Ресей сыртқы істер министрлігі Армения ҰҚШҰ-ның толық құқылы мүшесі екенін, өз міндеттемелерін орындауы тиіс екенін ескерткен.

2022 жылғы қыркүйекте Әзербайжан Армениямен шекарада операция бастағанда Ереван Ресейден және ұйымның басқа мүшелерінен көмек сұраған. Армения билігі ҰҚШҰ-ға мүше елдер басшыларын өз өтінішіне құлақ аспады деп айыптаған. ҰҚШҰ мүшелері Арменияға әскери көмек көрсетуді жөн деп таппаған.

Биыл наурызда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Никол Пашинянды Батыс мүдделеріне көбірек жұмыс істеп, "Ресей-Армения қарым-қатынасын бұзуға апаратын" әрекеттер жасап жатыр деп сынаған.

Пашинян да, Арменияның басқа басшылары да Ресей қауіпсіздік саласындағы міндеттемелерін орындамағандықтан, елдің сыртқы саясатын "әртараптандырып" жатқанын айтып келеді.

Осы мәлімдеме жасалған 8 мамырда Пашинян Мәскеуде болып, құрамына Ресей кіретін басқа ұйымның жұмысына қатысты. Қазір Армения ротация бойынша Еуразия экономика одағының төрағасы қызметін атқарады. Бұл ұйымға тағы Ресей, Беларусь, Қырғызстан мен Қазақстан кіреді.

Жоспар бойынша, сәрсенбі кешке Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Ресей президенті Владимир Путин оңаша кездесті. AFP агенттігінің хабарлауынша, Путин екі елдің қарым-қатынасы өте жақсы дамып жатыр деген. Ресей басшысы Мәскеу мен Ереван арасындағы шиеленісті жағдай туралы айтпаған тек Армения мен Ресей екіжақты қарым-қатынаста экономикалық әріптестікке мән береді деген.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow