Алматыда тағы бір қымбат тұрғын үй кешені сүрілді
Алматы қаласы Бостандық ауданында орналасқан Monblanc элиталы қымбат тұрғын үй кешені Әділет департаментінің қатысуымен сүрілді. Бұл туралы қалалық әкімдік баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпаратқа сүйенсек, Ерменсай шағын ауданында орналасқан тұрғын үй кешенінің құрылысы сот шешімімен заңсыз деп танылған.
«Нысанға жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында «MGM Development» ЖШС аталған тұрғын үй кешенінің құрылысын СЖТ-сыз, эскиздік жобаны келісусіз, құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарламасыз, мемлекеттік сараптама, авторлық және техникалық қадағалаусыз бастағаны анықталды», – делінген хабарламада.
Осыған дейін әкімдік заң бұзушылықтарды жою үшін компанияға бірнеше рет ескерту жасаған. 2022 жылы 21 желтоқсанда жасалған ескерту орындалмағандықтан, 2023 жылы 25 сәуірде қала құрылыс департаменті ғимаратты сүру үшін экономикалық сотқа жүгінген. 2023 жылы 27 желтоқсанда сот құрылыс жұмысындағы қателіктерді ескеріп, оны сүру туралы шешім шығарған.
«MGM Development» ЖШС 2021 жылы құрылған. Қалада құрылыс жұмыстарымен айналысады. Екі құрылтайшысы ретінде Гүлнар Марат және Ләззат Бактаева есімді екі азамат тіркелген. Гүлнар Марат компанияны басқарады. Компания тіркелген кезден бері 15,5 млн теңге салық төлеген.
Айта кетейік, 2024 жылдың басынан бері қалада бірнеше тұрғын кешені сүрілген: «Мечта», KHAN, «Алма Гарден» тұрғын үй кешендері.
Сіздің реакцияңыз қандай?