Әблязовтың тағы бір сыбайласы Қазақстанға қайтарылды
Қазір күдіктінің қатысуымен тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Мұхтар Әблязовтың тағы бір сыбайласы Қазақстанға өз еркімен қайтарылды, деп хабарлады Sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы «БТА Банкі» АҚ бұрынғы топ-менеджментіне қатысты ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастық құрамында жасалған ақшаны, оның ішінде шетелде жымқыру және жылыстату фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр.
Қылмыстық іс бойынша 2009 жылдан бері іздеуде жүрген Мұхтар Әблязовтың тағы бір сыбайласы – Алексей Владимирович Богданов Қазақстанға өз еркімен қайтарылды. Ол Metropolitan Manageres Corp (BVI) оффшорлық компаниясының номиналды өкілі, «Беловод крахмал комбинаты» ЖАҚ басқарма төрағасы және «Маис Агро» ЖШС маманы ретінде банктің 300 млн теңгеден астам ақша жымқырған.
Күдіктінің жақын туыстарымен және адвокатымен түсіндіру жұмыстарының нәтижелері бойынша Богданов Қазақстанға оралуға және тергеуге жәрдемдесуге ниет білдіріп, ол туралы жазбаша өтініш жолдады.
Бүгін ІІМ Интерполының көмегімен Богданов Брюссель қаласынан (Бельгия) Алматыға келді. Күдіктінің ерікті түрде оралуын, кінәсін толық мойындауын және тергеумен ынтымақтастығын ескере отырып, Богдановқа қатысты бұрын тағайындалған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы кепілге өзгертілді.
Қазір күдіктінің қатысуымен тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?