Алматыға 300-дей тәліп келмек
Ауғанстанның Индустрия және сауда министрлігі Қазақстанда 20 күннен кейін ауған-қазақ көрмесі өтетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tolonews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Индустрия және сауда министрі міндетін атқарушы Нуруддин Азизидің сөзінше, Алматыда өтетін көрмеге 300-ге жуық делегат қатысады. Олардың қатарында «Талибан» қозғалысының өкілдері мен саудагерлер бар.
«Біз сапаны да, санды да қарастырдық. Компанияға біздің бағдарламалар бойынша серіктес болуды ұсындық. Осы көрмеге жалпы саны 300-дей адамнан тұратын саудагерлер апарамыз. Ол үшін арнайы ұшақ жалға алып жатырмыз», – деді Азизи.
Сауда және инвестиция палатасы ауған саудагерлерінің халықаралық көрмелерге қатысуы Орталық Азия елдерімен сауда қарым-қатынасын кеңейткенін айтады.
Сауда және инвестиция палатасының басқарма мүшесі Ханджан Алокозайдың сөзінше, Қазақстанда өтетін көрме барлығы үшін тиімді.
«Егер компания немесе мемлекет өз өнімдерін әлемдік нарыққа шығарғысы келсе, көрмелерге қатысуы керек. Қазақстандағы бұл көрме шынымен де тиімді», – деді ол.
Экономикалық сарапшы Шакер Якуби, көрмелер өткізу Ауғанстанның экспортын айтарлықтай арттыратынын жеткізді. Сондай-ақ Ауғанстанның басқа елдермен сауда-экономикалық қарым-қатынасын нығайтатынын айтты.
Бұған дейін ауған көрмесі Түрікменстан, Өзбекстан және Қытайда өткен еді.
Сіздің реакцияңыз қандай?