460 оқушы уланған мектеп директоры Асхат Аймағамбетовтің туысы ма?

Қыркүйек 10, 2024 - 11:06
Қыркүйек 10, 2024 - 11:48
460 оқушы уланған мектеп директоры Асхат Аймағамбетовтің туысы ма?

Маңғыстауда астан уланған оқушылар оқитын мектеп директоры Тойлыбай Аймағанбетов мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің туысы деген ақпарат тарады. Депутаттың өзі бұл сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Асхат Аймағамбетов телеграм арнасында жазды. Аймағамбетовтің сөзінше, оның ешқандай туысы басшылық қызметте отырған жоқ.

"Менімен тегі бірдей қанша адам бар екен, жалпы? Егер оның бәрі менің туысым деп есептеп, кез келген мәселе туындаса сол туралы жаза берсе, тақырып қыза түседі. Мысалы, бүгін Маңғыстау облысында оқушылардың жаппай улануы туралы репортаж жасаған басылымдардың бірі - мектеп директорын менің "туысым" етіп қойған. Бірақ мен ол адам туралы бірінші рет естіп отырмын. Жақында менімен тегі бірдей тағы бір басшыны менің туысым етіп қойды, бірақ біздің ешқандай туыстық байланысымыз жоқ. Түсінікті болуы үшін айта кетейін: білім беру саласында басшылық қызметте менің ешқандай туысым отырған жоқ. Бұл жайтқа байланысты оқушылар мен олардың ата-анасына қолдау білдіріп, балалардың тезірек жазылып кетуін тілеймін", - дейді Асхат Аймағамбетов. 

Еске салайық, бұған дейін оқушылардың улануы туралы жаңа дерек белгілі болған еді. Маңғыстауда астан уланған оқушылар мектеп асханасында ашыған тамақ жеген. 

Оқушылардың жаппай улану дерегі Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте болды. Соңғы ресми мәліметке сүйенсек, 460 бала ауырып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. 83 оқушы облыстық жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылды. Қалғандары үй жағдайында емделіп жатыр.

"Балам қатты қызулап жатыр екен. "Жүрегім айнып, құсқым келеді" деді. Сол-ақ екен, ішкен-жегенін шығарып тастады. Таңғы мезгіл, балама дәрі алдырттым. Уланды деп ойлаған жоқпын. Кейін балам күндіз мектепте ашыған езбе (пюре) жегенін айтты", - дейді ауыл тұрғыны Айман Бекқараева.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, балалар ауруханаға түскен кезде тағамдық токсикалық белгілермен келген. Яғни іш ауруы, құсу, жүрек айну және іш өту белгілерімен түскен. Оқушылардың барлығы консервативті ем қабылдап жатыр.

"Яғни антибактериалды терапиямен қатар, дегедрациялық ем қабылдап жатыр, - дейді басқарма басшысы Бекболат Ізбасаров.

Осы жағдайдан кейін аталған мектептің асханасы жабылды. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мамандары асханадағы тағамдардан тиісті сынамалар алған. Бірақ оның қорытындысы әлі шыққан жоқ.

Мектеп директоры Тойлыбай Аймағанбетовтің айтуынша, асхананы 9 жылдан бері бір кәсіпкер жүргізіп келеді. Биыл да байқауда сол жеке кәсіпкер ұтып, онымен 3 жылға келісімшарт жасалған. Оқушылар уланған күні асханада бастауыш сыныптардағы 806 бала тамақтаныпты.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow