Қазақстан ТМД бойынша такси қызметі ең қымбат елдің көшін бастады

Әзербайжанда стандарт тарифпен 1 шақырым жол жүру – 0,59 доллар, Ресейде – 0,34 доллар, Украинада – 0,32 доллар, Беларусияда – 0,31 доллар, Армения мен Өзбекстанда – 0,3 доллар.

Қаңтар 19, 2024 - 14:47
Қаңтар 19, 2024 - 14:47
Қазақстан ТМД бойынша такси қызметі ең қымбат елдің көшін бастады
pixabay.com

2023 жылғы желтоқсанда такси бағасы өткен жылмен салыстырғанда 9,1% қымбаттады, деп жазады alash.kz сайты. 

Өңірлер бойынша бағаның өскенін, әсіресе, Алматы тұрғындары сезді. Себебі онда такси бағасы бір жылда 30,3% қымбаттаған. Екінші және үшінші орындарда 22,1 және 17%-бен Ақтөбе мен Абай облыстары тұр.

Такси бағасы айтарлықтай қымбаттамаған өңір – Маңғыстау облысы (1,2%). Алматы, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында баға бұрынғыша қалған.

2023 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында такси қызметін көрсететін компаниялардың табысы бір жылда 17%, 5,9 млрд теңгеге дейін артқан. Осы кезеңде такси қызметін 47,4 млн адам пайдаланды. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2% төмен. Жолаушы айналымы 44%, 1,4 млрд шақырымға дейін қысқарған.

Қаңтар-қараша аралығында такси қызметі саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 751,9 млн теңгеге жетті. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш 495,1 млн теңге еді. Инвестицияның жылдық өсімі 51,8% болып тұр.

Ең көп инвестиция Алматы облысына (360,6 млн теңге) құйылды. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 6,9 есе көп. Қазақстандағы өңір үлесі – 48%.

Numbeo дерегінше, биыл 15 қаңтардағы жағдай бойынша стандарт тарифпен 1 шақырымға жүруді есептегенде, ең қымбат такси бағасы Швейцария (4,63 доллар), Люксембург (3,29 доллар) пен Кувейттте (3,25 доллар) тіркелген.

Қазақстандағы такси құны 0,61 доллар болды. Бұл – ТМД елдері ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Әзербайжанда стандарт тарифпен 1 шақырым жол жүру – 0,59 доллар, Ресейде – 0,34 доллар, Украинада – 0,32 доллар, Беларусияда – 0,31 доллар, Армения мен Өзбекстанда – 0,3 доллар.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow