Қазақ радиосында эротикалық хабар эфирге шыққан

Желі қолданушылары арасында үлкен резонанс тудырып жатқан бұл жазбадан эфирден оқылып жатқан шығарманың расында да тыңдаған адамды ыңғайсыз жағдайға қалдыратынын байқауға болады.

Мамыр 3, 2024 - 17:37
Мамыр 3, 2024 - 17:38
Қазақ радиосында эротикалық хабар эфирге шыққан

Әлеуметтік желі бетінде Қазақ радиосына қатысты дау туындап жатыр. Нақты айтар болсақ, аталмыш радионың «Көкжиек» бағдарламасының кезекті шығарылымында төсек қатынасының баяндалуы тыңдармандар арасында ыңғайсыздық тудырған, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

Қазақ радиосының эфирінен берілген бұл бағдарламаны facebook қолданушыларының бірі жазып алып, өз парақшасына бөліскен. Желі қолданушылары арасында үлкен резонанс тудырып жатқан бұл жазбадан эфирден оқылып жатқан шығарманың расында да тыңдаған адамды ыңғайсыз жағдайға қалдыратынын байқауға болады. Шығармада Әбужан және Ирина есімді кейіпкердің төсек қатынасы кезіндегі сәттері мен өзара әңгімесі оқылады.

Желі қолданушылары үзінді ретінде оқылған бұл шығарманың журналист-жазушы Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романы екенін жазған. 
Басында айтып өткеніміздей, бұл жазба желі қолданушылары арасында әр-түрлі пікір тудырып жатыр. Көбір сынға алып, дәл Қазақ радиосынан мұндай дүниелердің берілуін көргенсіздік деп санайтынын жеткізген.

«Мемлекеттен қаржы алатын радио ғой, секстен басқа фантазия жоқ па?», «9-10-да бергендері ұят болған екен. Әйтпесе, түнгі 12-ден кейін болса ештеңе емес» деп жазса, тағы бірі «Әрине көркем әдемі жеткізген. Бірақ радиодан беретін дүние емес. Монтаж қиып тастау керек еді», - деп пікір қалдырған. 
Айтпақшы, бұл мәселе радио басшылығының құлағына да жеткен тәрізді. 

«Қайырлы кеш. Бұл 2023 жылы қарашада, кешкі сағат 21:00-де Қазақ радиосының эфирінен өткен «Көкжиек» хабарынан үзінді. Аудиокітап ретінде қаламгер Шархан Қазығұлдың “Күлпет” көркем шығармасы түгел таспаланып, сол қалпы берілген. Алдағы уақытта дыбысталатын шығармалар мазмұны мұқият қадағаланады», - деп Қазақ радисының директоры Дулат Абибуллаев пікір қалдырған.

«Көкжиек» бағдарламасы   - Қазақ радиосы мен Ұлттық аударма бюросының бірлескен жобасы.  Қазақ радиосының алтын қорында сақталған көркем мұралар және Ұлттық аударма бюросынан алынған әдебиет жауһарлары оқылады. 

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow