Ninety One Disney-дің жаңа анимациясын дыбыстады

Маусым 7, 2024 - 11:33
Маусым 7, 2024 - 11:21
Ninety One Disney-дің жаңа анимациясын дыбыстады

Disney мен Pixar компаниялары «Ойжұмбақ 2», Disney студиясы «Моана 2», «Муфаса: Арыстан патша» анимациялық фильмдерін өз қаражатына қазақ тіліне аударды. Анимациялардың алғашқы аталғаны жақын арада прокатқа шығады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Осы айдан бастап көруге болады

Disney және Pixar студиясының «Ойжұмбақ-2» анимациялық фильмінде көрермен бой жетіп қалған Райлимен қайта қауышады.

Режиссёр Пит Доктер мен продюсер Джонас Ривераның 2015 жылы шыққан бірінші «Ойжұмбағы» үздік толық метражды анимациялық фильм ретінде екі бірдей жүлде – Оскар» мен «Алтын глобусқа» ие болған. «Ойжұмбақ 2» эмоцияға толы шытырман оқиғасы кинода 2024 жылдың жазынан бастап көрсетіледі

Қазақстанда прокатқа 2024 жылдың 14 маусымынан шығады. Оны еліміздің кинотеатрларынан көруге болады.

Анимацияны кімдер аударды?

Басты кейіпкерлерге қазақ тілінде өз дауыстарын сыйлағандар: Райли «Көреміз» атты қазақ телешоуының қатысушысы, блогер Ақерке Естайқызының дауысымен сөйлейді. Қуанышты қазақстандық әнші әрі актриса Гүлнар Тілебалды дыбыстайды. Мұңды — кино мен театр және дубляж актрисасы Алма Қылмұқан. Қорқынышты — кино мен театр актері, театр режиссері Рүстем Жаныаманов дыбыстайды. Сондай-ақ қазақ тіліндегі дубляжға Жұлдыз Төлепберген қатысады, ол Райли ойнағысы келетін команданың капитаны, жоғары сыныпта оқитын Вэл есімді мықты қызды дыбыстайды. Қазақстандық Ninety One бой-бэндының солистері, Азамат Ашмақын (лақап аты ACE) —  Сәкөшті (Бананчик) және Батырхан Маликов (лақап аты ALEM) Ұятты дыбыстайды.

Дубляж жайлы:
Дубляж режиссері — Шах-Мұрат Ордабаев
Аударма авторы —  Әсел Мамырова
Синхронды мәтіннің авторы — Гүлжан Сауртаева
Музыка жетекшісі — Шах-Мұрат Ордабаев.

Голливуд неге қазақша сөйлемей жатыр

Ulysmedia.kz бұған дейін Голливуд фильмдерін қазақ тіліне аудару мәселесіне үңілген еді. Ұлттық кино орталығы қаңтарда шетелдік фильмдерді дубляждауға конкурс жариялаған. Бірақ ешбір компания оған қатысуға өтінім бермеген. Сол себепті орталық ақпанда конкурсты қайта жариялаған.

– 2024 жылы рейтингі жоғары, премьерасы өтпеген жаңа 15 блокбастерды қазақ тіліне дубляждау жоспарда бар. Аталмыш іс – шараларды іске асыру мақсатында мемлекеттік бюджеттен 2024 жылға 443,0 млн. теңге қаражат қарастырылған, – деп жауап берген еді редакцияның ресми сауалына жақында мәдениет және ақпарат министрлігі.

Министрліктің жауабында фильмдерді іріктеу бойынша конкурс процедуралары өтіп жатқаны хабарланған болатын.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow