Журналист әрі қоғам белсендісі Тоқтар Жақаш әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, жер мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Sadаqmedia.kz ақпарат порталы.
Журналистің айтуынша, кезінде Назарбаевтың моншасын жағып, арқасын ысқылап беріп жүргендер де адамның ойына келмейтін байлыққа кенеліп, гектарлап жер басып қалған. Мәселен Новиков деген біреу Назарбаевқа жақындығын пайдаланып Алматыдағы 150 гектар алма бақ пен ұлттық парктің 680 гектар жерін басып қалған.
Бүгінде бұл іспен құзырлы органдар айналыса бастаған.
"Моншада Назарбаевтың арқасын езіп, артын жуғандар қалай байыды?
Бүгін Алматы қаласы Бостандық ауданы экономикалық сотта ең үлкен резонансты сот болып жатыр. Әңгіме сол, депутаттар Бақытжан Базарбек пен Сергей Пономаревтың көтерген жер мәселесі. Жер болғанда да қалаға тиіп тұрған 820 гектар шұрайлы табиғи резерват. Кезінде бұл аумақтың 150 гектары Қарасай ауданына қараған алма бағы еді. Қарасай ауданының 2004-2008 жж әкімі Болатби Құтпанов (марқұм) әкесінен мұраға қалғандай осы 150 гектар алма бағына Алатаудың 680 гектар табиғи паркін генерал Павел Новиков деген біреуге қосып беріп жіберген ғой.
Алматы маңайынан 6 сотық жер алу ажалды адамға оңай емес. Бүкіл бір патшалықтың жеріне ие бола қалатындай Новиков деген кімнің шікәрәсі еді? Сол жағын да қарастырып көрейік.
Қарапайым ғана офицер Павел Новиков 1986 жылы Алматыдағы ЦСКА клубын басқарып келген. Содан бастап, тасы өрге домалайды. 90-жылдары Кеңес одағы ыдырап, экономика құлдырап жатқан кезең еді. ЦСКА клубының сол кезде атағы жер жарған моншасы болды. Павел Новиков моншаға Назарбаев, Абықаев, Храпунов, Есімов сияқты дәулерді буландырып, массаж да жасайды. Бұл әрекеті қарапайым офицердің карьерасына қатты әсер етеді. 1996 жылы Новиков Қорғаныс министрлігіне қарасты спорт комитетін 12 жыл басқарды. Одан соң, 7 жыл бойы Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтың кеңесшісі қызметін атқарды. 15 жыл Қазақстан теннис федерациясын, 20 жыл Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті, 11 жыл жеңіл атлеткика федерациясын басқарды. Генерал шенін алды. Бірақ оған бұл да аз еді!
Сөйтіп жүріп, «жылына пәленбай млрд теңге кіріс әкелетін «Бағанашыл» спорт-ойын-сауық кешенін іске қосты. Онда қонақ үй, мейрамхана, жазғы және қысқы теннис корттары, футбол алаңы, спорт орталығы және клиника орналасқан.
Ал әлгі «Адамдардың болашағы үшін сақтап отырмын» деген 820 гектар аумаққа адам баласын кіргізбейді. Заң бойынша, жабайы орманды алқап пен Кереңқұлақ және Берқара өзендерінің бойы жекеменшікке берілмеуі тиіс. Жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылуы керек!
Назарбаевтың моншашы-генералы билік басындағылармен жақын қарым-қатынасын пайдаланып, Алматыға тиіп тұрған 820 гектар жерді қанжығасына бөктерді. Ол кезде бұл жерлер Қарасай ауданына қарайтын. Ал Қарасай ауданын Болат Назарбаевтың сенімді адамы Болатби Құтпанов басқарды. 2007-2008 жылдары Құтпанов ұлттық парктің де жерлерін жекеге сатып жіберіп, істі болады. Өзі қолдан жасаған былыққа малтығып, тергеу уақытында өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болады. Талай былықтан солай құтылғанымен, соңында қалған заңсыздықтардың түйіні әлі тарқамады. Бүгінде Құтпанов қалдырып кеткен “даулы мұра” көптеген соттың талқысына айналды. Павел Новиков та сондай заңсыз латифундистің бірі. Қазір моншашы-генерал қайтсе де 820 гектар шұрайлы жерден айырылмаудың барлық амалын жасауда. Қолда бар бүкіл ресурсын осы мәселеге жұмылдырған.
Новиков иемденген жер дәл сол жылдардағы “Жер кодексінің” 132 және 133 баптарына сәйкес “су қоры” аумағына жатады. Заң бойынша, су қоры аумағы жекеменшікке берілмейді. Уақытша қолдануға ғана беріледі. Яғни, Құтпановтың шығарған шешімі сол кездегі заң талаптарына да қиғаш келген. Қазір әлгі жерлер Алматы қаласы Бостандық ауданына қарайды. Әл-Фараби көшесінің оңтүстік бөлігі.
Нарық бағамы бойынша бағаласақ, Новиков иемденіп алған жердің құны дәл қазір ең кемі 500 млн доллар! Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “заңсыз шығарылған активтерді қайтару” бастамасына дөп келеді. Өйткені, заңсыз шығарылған активтің ең төменгі бағасы 100 млн теңгеден кем болмау керек. Ал Новиков болса, 25 млрд па, триллион ба, есептей алмай қалдым ғой! Әйтеуір, саны түсімізге кіретін активті астына басып жатыр! Қарапайым біреу Алматы маңынан 6 сотық жер алу үшін өмір бойы кезекте тұрады! Сондықтан, ештеңеге қарамастан, солқылдамай, Новиковтың иелігіндегі жерді мемлекетке түгел қайтаруы керек! 75 жастан асқан кәрі шалдың енді жасармасы анық. Ол енді 150 гектар алма бақ пен ұлттық парктің 680 гектар жерін ана жаққа өзімен бірге әкетпейтін шығар?! Қалған бизнесі де жетеді оған! Заңсыз жер мемлекетке қайтарылсын!", - , -дeп жaзғaн журналист өзiнiң facebook пaрaқшaсындa